Павлодарда екі тәулік іздеген қария аман табылды

Павлодарда екі тәулік іздеген қария аман табылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ол аяғын сындырып, қамыс арасында қалып қойған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар ауданында екі тәулікке созылған іздестіру операциясы сәтті аяқталып, 71 жастағы жергілікті тұрғын аман-есен табылды. Қарт адам өзен жайылмасына балық аулайтын орындарды қарауға шығып, аяғын сындырып алғандықтан қалың қамыс арасында қозғала алмай қалған. Полицейлер мен құтқарушылардың үйлесімді әрі жедел әрекетінің арқасында зейнеткердің өмірі сақталып қалды.

Оқиға 24 маусым күні белгілі болды. Полицияға хабарласқан ер адам 23 маусым күні таңертең скутермен өзен жайылмасына барғанын, жолда аяғын жарақаттап алғанын және өздігінен шыға алмай жатқанын жеткізген. Алайда көп ұзамай байланыс үзіліп, нақты орналасқан жерін анықтау мүмкін болмаған.

Осыдан кейін бірден ауқымды іздестіру жұмыстары басталды. Павлодар аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері мен төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары бірнеше іздестіру тобын құрып, Байдала ауылынан Заря ауылына дейінгі өзен жайылмасын түгел тексеруге кірісті.

Іздестіру жұмыстарының күрделілігіне аумақтың кеңдігі мен қалың қамыс кедергі келтірді. Соған қарамастан іздеу бір сәтке де тоқтаған жоқ. Құтқарушылар мен полицейлер тәулік бойы, тіпті түнгі уақытта да іздеуді жалғастырды. Үздіксіз жүргізілген операцияның екінші тәулігінде іздеу тобы қамыс арасынан жоғалған зейнеткерді тауып алды.

Павлодар аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары Олжас Тілеубергеновтің айтуынша, жоғалған азаматтың аман табылуы барлық іздеу тобының ең үлкен жетістігі болды.

– Ер адам мүлде дәрменсіз жағдайда жатты. Кейін анықталғандай, ол сүрініп құлап, аяғын сындырып алғандықтан қозғала алмаған. Екі тәулік бойы тамақсыз, сусыз және жылусыз жатқан. Ең бастысы – оны аман тауып, отбасына қайтардық, – дейді ол.

Полицейлер зардап шеккен азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсетіп, қауіпсіз жерге эвакуациялады. Кейін ол Павлодар қаласындағы ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлердің бақылауына алынды.

Есін жиған зейнеткер өз өмірін сақтап қалған полицейлерге, құтқарушыларға және іздестіру жұмыстарына қатысқан барлық азаматқа шынайы ризашылығын білдірді.

Бұл оқиға төтенше жағдайда уақытылы көмек сұраудың және жедел әрекет етудің қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте көрсетті. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жақын адамыңыз уақытында үйіне оралмай, байланысқа шықпай қалса, уақыт жоғалтпай бірден полицияға хабарласқан жөн. Себебі мұндай жағдайда әрбір минут адам өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқарады.

Павлодар ауданында өткен бұл іздестіру операциясы полицейлер мен құтқарушылардың кәсібилігін, табандылығы мен жауапкершілігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Екі тәулікке созылған қиын іздеудің соңы адам өмірін сақтап қалумен аяқталды.