Мүгедек балалардың өмірін жеңілдететін жоба Павлодарда бастау алды

Мүгедек балалардың өмірін жеңілдететін жоба Павлодарда бастау алды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жоба аясында тірек-қимыл аппараты бұзылған елуге жуық бала тексеруден өтіп, олардың жартысы арнайы оңалту құралдарымен қамтамасыз етілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларды үйде оңалтуға бағытталған «Үйде мүгедек балаларды QH оңалту» атты пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мәлімдеді.

«AMANAT» партиясының қалалық филиалы өкілдері арнайы барып, Әлеуметтік қорғау саласын дамыту Ұлттық ғылыми орталығы филиалының жұмысымен танысты. Олар балалар мен ата-аналарға әмбебап оңалту құралдарын пайдалануды үйрету бойынша атқарылған жұмыстарды бақылады.

– Бүгінгі таңда бізге 58 жабдық жеткізілді, олардың ішінде арбалар, вертикализаторлар, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған арнайы бағаналар бар. Қазірдің өзінде 30 жабдық мүгедек балаларға берілді. Сонымен қатар, 10 жабдық оңалту орталығымызда орналасқан, бұл балалардың орталықтан кейін үй жағдайында қосымша оңалтудан өтуіне мүмкіндік береді. Жақында жоғарғы және төменгі аяқ-қолға арналған компьютерлік бағдарламасы бар алты тренажер алдық. Бұл тренажерлер бұлшықеттерді ғана емес, баланың логикасын да дамытуға көмектеседі, – деп атап өтті орталықтың әлеуметтік жұмыс жөніндегі директорының орынбасары Роза Қадырбекова.

Жоба басталғаннан бері тірек-қимыл аппараты бұзылған 47 бала тексеруден өтіп, олардың 29-ы әмбебап оңалту құралдарымен қамтамасыз етілді. Оның ішінде 18 балаға үй жағдайында пайдалануға арналған оңалту құралдары берілсе, 11 бала орталықта арнайы оқытудан өтті. Қалған 18 балаға орталық мамандары кеңес беріп, олар портал арқылы өздеріне қажетті құралдарға тапсырыс берді.

Ведомствода атап өткендей, бұл жоба мүгедек балалардың сапалы оңалтудан өтуіне және өмір сапасын жақсартуына үлкен септігін тигізуде.