Павлодарда елдің үздік жас көкпаршылары бас қосты

Павлодарда елдің үздік жас көкпаршылары бас қосты
Фото: Татьяна Сартакова

Мерейтойлық ел чемпионатына 14 команда келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарда жастар арасында көкпардан Қазақстан Республикасының XX чемпионаты өтіп жатыр. 26 қыркүйекте «Ертіс-Павлодар» ипподромында жарыстың салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Додаға Шымкент қаласы мен еліміздің 13 облысынан командалар келген. Чемпионатқа 2006-2008 жылдары туған, 18-20 жас аралығындағы көкпаршылар қатысып жатыр.

Салтанатты ашылуда Павлодар облысы әкімі аппаратының басшысы Руслан Мұқанов спортшыларды құттықтап, жастар арасындағы чемпионаттың ұлттық спортты дамытудағы маңызына тоқталды.

– «Қазақ барда көкпар бар, көкпар барда рух бар!» деген қанатты сөз бар. Бұл ұлттық спортымыздың халқымыздың салт-дәстүрімен, ұлттық рухымен және ұрпақ тәрбиесімен тығыз байланысты екенін көрсетеді. Бүгінгі жас спортшылар – ұлттық спортымыздың ертеңгі ізбасарлары, ел намысын қорғайтын азаматтар, – деді Руслан Мұқанов.

Республикалық көкпар федерациясының ресми өкілі Сәкен Сейітханның айтуынша, Павлодар республикалық көкпар додасын араға ұзақ уақыт салып қайта қабылдап отыр.

– 2012 жылы Павлодарда жасөспірімдер чемпионаты өткен болатын. Енді өңірде жастар арасындағы ел чемпионаты өтіп жатыр. Оның үстіне бұл – мерейтойлық, жиырмасыншы чемпионат. Барлық 14 команда келді. Қазір олардың деңгейі бір-біріне жақын, – деді ол.

Федерация өкілінің сөзінше, соңғы жылдары жастар көкпарындағы бәсеке күшейген. Бұрын негізгі жүлдеге екі-үш команда таласса, қазір жеңіске үміткер құрамалар әлдеқайда көп.

Сәкен Сейітхан Жамбыл, Түркістан, Алматы, Ақмола, Жетісу және Павлодар облыстары мен Шымкент қаласының құрамаларын жүлдеге негізгі үміткерлер қатарында атады. Павлодарлық көкпаршылар да соңғы екі жылда ересектер, жасөспірімдер және жастар арасындағы республикалық жарыстарда жақсы нәтиже көрсетіп жүр.

Командалар төрт топқа бөлінген. Әр топтан екі үздік құрама келесі кезеңге өтіп, сегіз команда ширек финалда сынға түседі. 28 қыркүйекте ширек финал, 29 қыркүйекте жартылай финал, ал 30 қыркүйекте финалдық кездесулер өтеді.

Павлодар көкпар федерациясының вице-президенті Жанысбек Саевтың айтуынша, чемпионаттағы нәтижелер жас спортшылардың алдағы жолына да әсер етеді.

– Көкпар жігіттерді жүректілік пен табандылыққа тәрбиелейді. Батыс пен шығыстан, солтүстік пен оңтүстіктен келген шабандоздар үлкен додада бас қосып отыр. Бұл – ресми жарыс. Мұнда көрсетілген нәтижелер ұлттық құраманы жасақтау кезінде де ескеріледі. Барлығыңызға сәттілік, тұлпарларыңыз сүрінбесін, – деді ол.

Чемпионатқа Қарағанды облысынан 20 жастағы Әсем Серік те келген. Ол өзі көкпарға қатыспайды, алайда Тентек Қара атты жылқысы Қарағанды командасының құрамында додаға түсіп жатыр. Әсем бала кезінен атқа мініп, ұлттық спорт түрлеріне қызығады.

– Кішкентай кезімнен атқа мінемін. Көкпар, теңге ілу, ат жарысы, жамбы ату – атқа қатысты спорт түрлерінің бәрі қызық. Қорықпаймыз, қанмен келген нәрсе ғой. Көкпарда ең алдымен жүректің күші керек. Палуандардың бәрі мықты, кімнің бағы жанса, сол жеңеді, – деді Әсем Серік.

Сәкен Сейітхан «Ертіс-Павлодар» ипподромының мүмкіндіктерін де жоғары бағалады. Оның сөзінше, Қазақстанда мұндай форматтағы ипподромдар санаулы. Мұнда көкпармен қатар бәйге, аударыспақ және теңге ілу сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізуге жағдай бар.

Қонақ командалардың жылқыларын орналастыруға да жағдай жасалған. Бірқатар құраманың аттары ипподромдағы қораларға орналастырылса, кейбір командалар Жетекші ауылында жайғасқан. Спортшыларға ыстық тамақ ұйымдастырылған.

Сәкен Сейітхан чемпионатты өткізуге қолдау көрсеткен Павлодар облысының әкімдігі мен облыс әкімі Асайын Байхановқа, Республикалық көкпар федерациясына, «Самұрық-Қазына» АҚ және Sport Qory спортты қолдау қорына алғыс білдірді.

Финалдық кездесулер 30 қыркүйекте өтеді. Сол күні чемпионат жеңімпаздары мен жүлдегерлері медаль, кубок, сертификаттар және демеушілердің бағалы сыйлықтарымен марапатталады.