Тоғызқұмалақ пен футболды меңгерген павлодарлық жылды жеңіспен бастады

Тоғызқұмалақ пен футболды меңгерген павлодарлық жылды жеңіспен бастады
Фото: автор

2024 жылы ол облыс әкімі атынан алғысқа ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Таяудағы күндері Павлодарда тоғызқұмалақтан облыс чемпионаты өтті. Онда классика мен блиц жарысында Ринат Керейбаев жеңіске жетті. 2024 жылдың қараша айында ол әлем чемпионы атанды. Сол үшін жыл қорытындылары бойынша Аққу ауданының тумасы өңіріміздің үздік спортшыларының қатарына еніп, өңір басшысы Асайын Байхановтың қолынан марапат алды.

- Халқымыз «басы қатты – аяғы тәтті» деген сияқты мен үшін 2024 жыл да солай өтті, - дейді Ринат Керейбаев. – Олай дейтінім, былтыр Қазақстан чемпионатында командалық жарыста небары екінші орын алсам, еліміздің зияткерлік ойындарын үшінші орында аяқтадым. Биылға жоспарым – Қазақстан және Азия чемпионатында өңір мен ел намысын лайықты деңгейде қорғап шығу.

Оған қоса Ринат Керейбаев 2024 жылы отау құрып, жеке өмірінің жаңа парағын ашқан. Ойыншы мансабымен қатар, қазірдің өзінде спортшы жаттықтырушы ретінде шәкірт тәрбиелеуде.

«Жеті қырлы – бір сырлы» Ринат Керейбаевтың тағы бір ерекшелігі – ол ұлттық спортпен бірге футболды серік еткен. Жас жігіт туған ауылының «Qaraqala» және «Сұңқар» командаларында доп тебеді. Былтыр ол «Сұңқар» сапында өз достарымен Астанадағы футболдан Әуесқойлар лигасының үшінші дивизионында жеңіске жетіп, 2025 жылы екінші деңгейлі топқа жолдама алды.

Тоғызқұмалақтың классика түрінен ел чемпионаты Ақтөбеде 10 ақпанда басталса, блиц және рапидтен Қарағандыда 19 сәуірде өтеді.