Павлодарда еріктілер экологиялық квест арқылы маңызды мәселені көтерді

Командалар төрт немесе алты адамнан құралды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі.
«Jasyl ómir úshin jarys» ұранымен Гагарин атындағы саябақта волонтер ұйымдары арасында экологиялық квест өтті. Ойын түрінде өткен сайыс қоғам назарын табиғатты қорғау мәселелеріне аударуды, қатысушылардың экологиялық сауаттылығын арттыруды және командалық рухты нығайтуды көздейді. Олар арнайы дайындалған бес бекетте тапсырмалар орындап, қоқысты сұрыптау, ақпарат тарату, шығармашылық жұмыстар және экологиялық білімдерін көрсетті.
– Волонтерлікке 16 жасымда келдім. Алғаш рет досым екеуміз қарт адамдарға, үйсіз жандарға және жануарларға көмек көрсету үшін жазылғанбыз. Сол күні бізді су астында қалған ауылға гуманитарлық көмек жіберуге жұмылдырды. Азық-түлік пен киімдерді қораптап, тұрғындарға жолдадық. Бүгінгі шараға да колледж студенттерімен бірге қатыстық. Арнайы дайындық болмаса да, белсенділік танытып, өз үлесімізді қосуға тырыстық, – дейді химия-механикалық колледждің 3-курс студенті, 18 жастағы Асанәлі Абдрахманов.
Конкурстың ережелеріне сәйкес, алғашқы «ЭКОvision» бекетінде қатысушылар экологиялық постер жасап, қоғам назарын маңызды мәселелерге аударуға тырысты. «Сортируем правильно!» кезеңінде қалдықтарды түріне қарай бөліп, қайта өңдеу ережелерін тәжірибе жүзінде қолданды. «ИнфоМиссия» бекетінде еріктілер тұрғындарға экологиялық парақшалар таратып, қоғаммен тікелей жұмыс жасады. Ал «Taza Qazaqstan» кезеңінде қысқа бейнеролик түсіріп, шығармашылық қырларын көрсетті. Соңғы «Эко-Баттл» викторинасында қатысушылар экологиялық сауаттылық деңгейін сынады.
– Бүгін біз «Жаңа Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында экоквест ұйымдастырып отырмыз. Оған волонтерлік ұйымдар, студенттер мен мектеп оқушылары қатысуда. Жарыс барысында қатысушылар бес станциядан өтіп, тапсырмаларды орындады. Бұл арқылы біз жастарға экологияның маңызын жеткізгіміз келеді, – деді Жастар бастамаларын дамыту орталығы жанындағы волонтерлер орталығының жетекшісі Айжан Қали.
Жарыстың қортындысы бойынша. Бірінші орын иегерлеріне портативті колонка, екінші орынға электронды сағат, үшінші орынға құлаққап табыс етілді. Сондай-ақ, барлық қатысушылар дипломмен марапатталып, үздік командаларға естелік сыйлықтар берілді.