Павлодарда «Ertis dauysy» вокалдық байқауының финалы жақындап келеді

Павлодарда «Ertis dauysy» вокалдық байқауының финалы жақындап келеді
Фото: pvl2026.kz

Дүбірлі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен өнерпаздар қатысуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өнерпаздардың дайындығын Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков арнайы барып бақылап қайтты. 

—  «Ertis dauysy» қалалық вокалдық байқауының қатысушыларымен кездестім. Бұл жобаны қатарынан екінші жыл өткізіп келеміз. Жыл сайын байқауға қызығушылықтың артып келе жатқаны қуантады. Біздің басты мақсатымыз – талантты жастардың шығармашылық дамуына қолайлы жағдай жасау. Биыл байқауға павлодарлықтармен қатар, еліміздің өзге қалаларынан келген өнерпаздар да қатысып жатыр. Бұл жобаның ауқымы кеңейіп, беделі артып келе жатқанын көрсетеді, - деді қала әкімі.

Шаһар басшысының айтуынша, осындай бастамалардың арқасында Павлодарда жаңа есімдер танылып, жас таланттардың үлкен сахнаға жол ашуына мүмкіндік туып келеді. 

Қатысушылардың арасында ертең Қазақстан мақтан тұтатын өнер иелері өсіп шығарына сенемін. Барлық қатысушыға шабыт, жарқын өнер көрсетуін және лайықты жеңіс тілеймін, - деді Хасар Хабылбеков.

Айта кетелік, «Ertis dauysy»  2026 кастингіне Павлодар қаласы мен  Павлодар облысынан 100 вокалист қатысты. Қазылар алқасының шешімі бойынша байқаудың келесі кезеңіне өткен 20 қатысушы анықталды. Олар жоба аясындағы концерттік кезеңдерде өнер көрсетіп, бас жүлде үшін күресті жалғастырады.

Финалистердің екінші концерті 4 шілдеге, үшінші ән кеші  11 шілдеге жоспарланған. Ал финал 18 шілде күні Ertis Promenade сахнасында өтеді. Бұл күні «Ertis dauysy» жобасының қатысушыларымен бірге қазақстандық эстрада жұлдыздары да өнер көрсетеді.

Жеңімпазды республикалық радиода әнінің ротациясы мен жеке бейнебаян түсіру мүмкіндігі күтеді. Сондай-ақ байқау жеңімпазы  25 шілдеде Павлодар қаласының күніне арналған мерекелік концерттің басты сахнасында мыңдаған көрерменнің алдында өнер көрсетеді.