Павлодарда Конституция күніне Тұрар мен Маржан Арапбаева келеді
30 тамызда облыста өткізілетін іс-шаралардың тізімі белгілі болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының м.а. Саяуыш Сәдуақасов мәлім етті.
– Конституция күніне орай облыстың мәдениет мекемелерімен 400-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Түрлі көрмелер, танымдық сағаттар, кездесулер, радиохабар және тағы басқа шаралар өткізіледі, – деді Саяуыш Сәдуақасов.
30 тамызда облыс орталығында мерекелік концерт өтеді. Кешкі сағат 19:00-ден 20:00-ге дейін «Ertis Promenade» сахнасында камералық хор, Жібек Айтбаева, Наталья Процкая, Алмас Мұқатай, Анель Канатова, Серік Рысбек, «Самиян» және «Табриз» тобы мен «Нұр» би ансамблі өнер көрсетеді. Ал сағат 20:00-ден 22:00-ге дейін арнайы шақырылған эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтеді деп жоспарлануда.
– Арнайы мерекелік іс-шарамыздың қонақтары домбыраның шанағынан күй төгетін Темірлан мен Ернат, танымал әртістер Тұрар және Маржан Арапбаева сахна төрінде ән шырқайды, – деді Саяуыш Сәдуақасов.
Оның сөзінше, өңірде Конституция күні 25 тамыздан бастап тойлануда. Тұрғындар облыстық мұражайларда тақырыптық көрмелерді тегін тамашалай алады.
29 тамызда
Павел Васильевтің музей-үйінде сағат 10.00-де «Ата Заң – тәуелсіз ел тұғыры» көрме диалогы;
С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында сағат 11.00-де «Конституция – тәуелсіз ел тұғыры» атты кітап көрмесі;
Г.Н.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде сағат 11:00-де «Бірлік туы» атты интерактивті дәріс сынды іс-шаралар өтеді.
30 тамызда
Сағат 12:00-де Орталық мәдениет және демалыс саябағында «Ата Заңым – айбыным!» атты концерттік бағдарлама.
Н.Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде сағат 10:00-18:00 аралығында Арман Байсадықовтың «Астана. Арман Байсадықов» және Александр Пархоменконың «Материалдық емес мәдени мұрасы» атты фотокөрмесі ұйымдастырылады.
Екібастұзда кешкі сағат 18:30-да «Өнер» қалалық мәдениет сарайында «Айбары асқақ Ата заң!» атты мерекелік концерт өтеді. Ал Ақсуда сағат 18:00-де мәдениет және демалыс саябағында «Ақсу толқыны» атты мерекелік концерт ұйымдастырылады.