Павлодарда есірткі қолданып көлік айдаған жүргізушілер ұсталды

Павлодарда есірткі қолданып көлік айдаған жүргізушілер ұсталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Тәртіп сақшыларының күдігіне іліккен жүргізушілердің заңсыз әрекеті медициналық сараптамамен расталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, патрульдік полиция қызметкерлері Павлов көшесінде «Suzuki SX4» және Әуежай көпірі маңында «Audi-80» автокөліктерін тоқтатқан. Тексеру барысында екі жүргізушінің де мінез-құлқы күдік тудырып, олар арнайы тексеріске жіберілді. Сараптама нәтижесі екі азаматтың да каннабиноид қолданғанын көрсетті.

Қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі Жандос Байкеновтың айтуынша, екі жүргізуші де әкімшілік жауапкершілікке тартылып, істері сотқа жолданған. Қазіргі уақытта ереже бұзушылардың көліктері айып тұрағына қойылды.

Айта кетейік, заң бойынша масаң күйде көлік басқарғаны үшін жүргізушілер жеті жылға дейін куәлігінен айырылып, әкімшілік қамауға алынуы мүмкін.