Павлодарда есірткі курьері магниттері бар «жасырын қоймаларды» дайындаған

Павлодарда есірткі курьері магниттері бар «жасырын қоймаларды» дайындаған
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Күдікті қамауға алынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу айлығы аясында облыстық прокуратураның үйлестіруімен есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері Павлодар қаласында тыйым салынған заттардың ірі партиясын байланыссыз тәсілмен таратуды жоспарлаған 32 жастағы ер адамды әшкерелеп, ұстады.

– Күдікті бірнеше ай бойы полицияның бақылауында болды. Ер адам тұрғын үй подъезінің маңында кезекті «жасырын қойманы» қалдырмақ болған сәтте  ұсталды. Тінту барысында оның тұрғылықты жеріндегі пәтерінен синтетикалық есірткі заты бар салмағы 150 грамнан асатын түйіншек, таразылар, орау материалдары, қолғаптар, сондай-ақ «жасырын қоймаларды» әзірлеуге  дайындалған алты мың магнит тәркіленді, – деді облыстық Пполиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Күдікті қамауға алынған. 

Ұсталған азаматтың айтуынша, ол синтетикалық есірткі заттарын жасыру мақсатында маркетплейстер арқылы магниттерге тапсырыс берген. Магниттердің көмегімен есірткіні металл заттарға бекітіп, жасырын орындардың фотосуреттерін түсіріп, координаттарын көлеңкелі интернет-дүкеннің кураторларына жолдаған. Ал есірткі тұтынушылар аталған дүкен арқылы түйіншектердің нақты орналасқан жері туралы ақпарат алып отырған.