Ақша мен пәтер үшін: Ақсуда бір топ адам тұрғындарды ұрлаған
Сотта қылмыскерлер кінәсін мойындамады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ақсу қалалық сотында адам тобының алдын ала сөз байласуымен бірнеше рет өмiрге немесе денсаулыққа қауiптi күш қолдана отырып, адам ұрлау (ҚК 125-б. 2-б. 1,2,3-т.), тонау (ҚК 191-б. 1-б.), бiрнеше рет ірi мөлшерде мүлiк алу мақсатында жасалған қорқытып алушылық (ҚК 194-б. 3-б. 2-т.) фактісі бойынша бірнеше ер адамға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Былтыр қараша айында төрт адам екі тұрғынды күш қолдану арқылы ұрлап әкеткен. Содан кейін жәбірленушілерді гаражға апарып, ұрып-соғып, зорлық-зомбылық жасаймыз деп қорқытып, олардан пәтер, көлік және екі миллион теңге көлемінде ақша беруді талап еткен. Сол күні қылмыскерлер ұрлап әкеткен ер адамның әйелінің пәтеріне барып, жәбірленушіге айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін ақпаратты таратпау үшін одан ақша, пәтер және көлікті қорқытып ала бастаған. Кейіннен жәбірленушінің телефонынан ар-намысына тиетін ақпарат таратамын деп қорқытып, жеті миллион теңге беруді талап ету туралы хабарлама жіберген. Сондай-ақ екінші жәбірленушіден 19 мың теңге ақшалай қаражатты ашық түрде жымқырған.
Сотталушылар кінәларын мойындамады.
– Сот істің барлық мән-жайын ескере отырып, екі ер адамды 8 жылға, бір тұрғынды 7 жыл 4 айға және тағы бір ер адамды 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады,– деді Ақсу қалалық сотының баспасөз қызметінде.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.