Павлодарда есірткі тасымалдаушы қолға түсті
Тінту барысында одан синтетикалық есірткі заты табылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы жүргізген арнайы операция нәтижесінде Павлодар қаласында синтетикалық есірткі заттарын таратумен айналысты деген күдікпен ер адам ұсталды.
– Тергеу барысында күдіктінің есірткі таратумен айналысатын жасырын интернет-дүкеннің «жасырушы» қызметін атқарғаны белгілі болды. Тінту барысында оның тұрғылықты жерінен синтетикалық есірткі заты салынған екі орама табылып, тәркіленді. Сонымен қатар, қала көшелеріндегі арнайы жасырылған орындардан да осындай есірткі салынған жасырын қоймалар анықталып, алынған. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 5 грамнан асты, - деді облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Нұржан Байбуринов.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері ұсталған адамның есірткінің заңсыз айналымына байланысты өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде.