Павлодарда графит сынығына жоғары бағаларды белгілеуге қатысты тергеу басталды
Тергеу үш айға созылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті графит сынығын өткізу нарығына талдау жүргізді. Оған «КазАрмапром» ЖШС-ның өтініші негіз болған.
– Жүргізілген талдау нәтижесі бойынша «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-ның әрекеттінде графит сынығына монополиялық жоғары бағаларды белгілеу және ұстап тұру бөлігінде үстем жағдайды теріс пайдалану белгілері анықталды, – деп жазылған департамент хабарламасында.
Осыған байланысты ведомство «ҚЭЗ» АҚ-ға қатысты ҚР Кәсіпкерлік Кодексінің 174-бабы 1-тармақшасын бұзу – «монополиялық жоғары бағаларды белгілеу және ұстап тұру кезінде үстем жағдайды теріс пайдалану бөлігінде ҚР бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу» белгілері бойынша тергеп-тексеруді бастады.