Павлодарда гүлдендіру жұмыстары басталды

Павлодарда гүлдендіру жұмыстары басталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қаланың көше қиылыстарында, саябақтары мен скверлерінде гүл отырғызылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Гүлзарларды безендіру үшін тагетес, цинния, цинерария, сальвия, шырайгүл, антирринум, портулак, гибискус, нарғызгүл, агава, изолепис, раушан, кәдімгі талқурай, спирея, хоста, сәлбен, флокс гүлдері таңдалды. 

– Гүлді сәндік дақылдардың көшеттері 30 мың шаршы метр алаңда отырғызу жоспарлануда. Біржылдық және көпжылдық гүлдер 1 мамырдан бастап отырғызылуда. Негізінен гүл отырғызу көше қиылыстарында, саябақтарында, сондай-ақ, жалпы пайдалану орындарында жүргізіледі, – деді Павлодар қаласы ТҮКШ бөлімі көгалдандыру секторының бас маманы Ернар Қайыров.

«Аяулы алақан» мердігерлік ұйымы гүлдерді отырғызу және оларды суары жұмыстарымен айналысады. Келісімшарттың сомасы шамамен 600 миллион теңгені құрайды. Олар гүлзарларды дайындау, тыңайтқыштарды қолдану, біржылдық және көпжылдық гүлдерді отырғызу, көгалдар егу, гүлзарларға металл конструкцияларды орнату, көгалдар мен гүлзарларды суару жұмыстарын атқарады. 

Өсімдіктерді суару кестеге сәйкес және ауа райы жағдайларын ескере отырып ұйымдастырылады.