Павлодарда ИнЕУ Академиялық адалдық лигасының мониторингінен өтті
Сарапшылар университет жұмысын жеті бағыт бойынша бағалап, оқу орнына бірқатар ұсыныс берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Инновациялық Еуразия университетінің мәліметінше, 28–30 қыркүйек аралығында Академиялық адалдық лигасының мониторингтік тобы ИнЕУ-де үш күндік көшпелі бағалау жүргізді. Бұл – университеттің Лигаға кіру рәсімінің кезекті кезеңі.
Сарапшылар оқу орнының басшылығымен, оқытушылармен, студенттермен, түлектермен және жұмыс берушілермен тереңдетілген сұхбаттар өткізді. Университеттің академиялық, ғылыми, тәрбие және әкімшілік үдерістері зерделенді. Мониторингтік топ ИнЕУ-дің материалдық-техникалық базасымен және Павлодар кәсіпорындары мен ұйымдарындағы кафедра филиалдарының жұмысымен де танысты.
Университет жеті бағыт бойынша бағаланды. Олардың қатарында әкімшілік басқару мен қолдау, оқытушылардың, қызметкерлер мен студенттердің қатысуы және оларды қолдау, білім беру мен коммуникация, саясат пен рәсімдер, зерттеу және бағалау бар.
– Академиялық адалдық лигасына кіру үдерісін біз ИнЕУ-ді институционалдық тұрғыдан жетілдіру құралы ретінде қарастырамыз. Бұл академиялық адалдық стандарттарын арттыруға және университеттің әлемдік академиялық қауымдастықтағы мәртебесін нығайтуға ықпал етеді, – деді ИнЕУ бірінші проректоры – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Петр Быков.
Мониторинг қорытындысында сарапшылар оқу орнындағы үдерістерді жетілдіру бойынша ұсыныстар берді. Соның негізінде академиялық адалдықты қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу жөніндегі Жол картасы әзірленді.
ИнЕУ оның орындалуы туралы Академиялық адалдық лигасына әр тоқсан сайын есеп беріп отырады. Келесі мониторинг келесі оқу жылына жоспарланған.
Лигаға қосылу студенттерге қойылатын талаптарға да әсер етеді. Барлық жазбаша жұмыс плагиатқа міндетті түрде тексеріледі. Сонымен бірге университет академиялық адалдық бойынша студенттік актив құрып, білім алушыларды профильдік комиссиялардың жұмысына тартуды жоспарлап отыр. Академиялық жазу мен дәйексөз келтіру бойынша семинарлар да өткізілмек.
ИнЕУ-де жасанды интеллектіні пайдалану арнайы стандартпен реттеледі. Университет бұл құжаттың негізгі қағидатын «орындауды тапсыруға болады, ойлауды емес» деп түсіндіреді.
– Студенттер жасанды интеллектіні есептеу, форматтау, мәтінді қысқаша мазмұндау, қайта тұжырымдау және иллюстрация жасау сияқты техникалық жұмыстарға пайдалана алады. Сондай-ақ эссе, жоба, курстық және дипломдық жұмыстарға ақпарат іздеуге рұқсат. Бұл ретте студент ЖИ қолданғанын көрсетуге, нақты сервисті атауға және алынған нәтиженің дұрыстығын өзі тексеруге міндетті, – деп хабарлады ИнЕУ баспасөз қызметі.
Топтық жұмыста жасанды интеллект қолданылғаны туралы басқа қатысушыларға да хабарлау қажет. Ал ЖИ-ді пайдалану шарттары әр пәннің силлабусында жеке көрсетіледі. Оқытушы өз курсында оны қолдануға тыйым сала алады.
ChatGPT үшін жеке ереже қарастырылмаған. ИнЕУ мәліметінше, талаптар барлық генеративті жасанды интеллект модельдеріне бірдей қолданылады.
Университеттің академиялық саясаты бойынша жасанды интеллект жасаған немесе оның көмегімен қайта тұжырымдалған мәтінді ЖИ қолданылғанын тиісті түрде көрсетпей пайдалану плагиат болып саналады. Силлабуста тыйым салынған жағдайда жасанды интеллектіні қолдану да академиялық адалдықты бұзу болып есептеледі. Бұл талаптардың сақталуын апелляциялық комиссия бақылайды.
ИнЕУ әзірге Академиялық адалдық лигасына қабылданған жоқ. Университет сарапшылардың ұсынымдары негізінде әзірленген Жол картасын жүзеге асырып, оның орындалуы туралы тоқсан сайын есеп береді. Келесі мониторинг келесі оқу жылында өтеді.