Павлодарда инфрақұрылым элементтерін жаңарту жұмыстары қарқын алды
Облыс орталығында жолдарды шаңнан тазалау басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков мәлімдеді.
- Бүгін қаланы санитарлық тазалау жұмыстарының барысын тексердім. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында күннің жылынуына байланысты коммуналдық қызметтер жолдарды шаңнан тазалау жұмыстарын бастады. Сонымен қатар қоқыс жинау және қалалық инфрақұрылым элементтерін жаңарту жұмыстары жүргізілуде, - деді ол.
Шаһар басшысы шаңнан тазалау жұмыстары ауадағы шаң деңгейін төмендетуге және қыс мезгілінен кейін көшелердің санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталғанын атап өтті.
Сонымен қатар, қалада ағаштарды қалыпқа келтіру мақсатындағы кесу жұмыстары да қарқын алды.
- Аталған жұмыстар жүргізілетін 16 көше мен учаскелер анықталды. Бұдан бөлек, санитарлық кесу қатар жүргізілуде. Қураған бұтақтар алынып тасталуда. Әрбір ағаш арнайы өңдеуден өтеді. Барлық жұмыстар биолог-мамандардың жетекшілігімен атқарылады, - деді қала әкімі.
Сондай-ақ тұрғындардың өтініштері негізінде апатты ағаштарды кесу және санитарлық өңдеу жұмыстарымен айналысатын жеке бригада құрылды. Ағаштарды кесуге өтінімді 109 қызметі арқылы қалдыруға болады немесе немесе қала әкімдігінің ресми аккаунты — @pavlodar_akimdigi парақшасының Direct-ке жазуға болады.