Павлодарда интернет арқылы алаяқтық жасаған бірнеше азамат ұсталды
Оның біреуінің 10 алаяқтық жасағаны анықталса, екіншісінің үстінен 20 адам шағым түсірген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, интернет алаяқтыққа күдіктілердің үшеуін «Аnti-fraud» ЖПШ шеңберінде Павлодар облысының жедел қызметкерлері анықтады.
- Облыс орталығында ер адам әлеуметтік желіде жиһаз сату туралы хабарландыру беру арқылы өңір тұрғындарын алдады. Оның 10 интернет-алаяқтыққа қатысы бар екендігі дәлелденді. Жедел қызметкерлер қылмыскердің осындай қылмыстарға қатыстылығын тексеруде. Басқа жағдайда, көрші мемлекеттің азаматы «ОЛХ» сайты арқылы жоқ принтерлерді сатуды жүзеге асырды. Қызығушылық танытқан азаматтардан өз ЖШС - не ақша аударуды сұраған, - деді облыстық ПД криминалдық полиция бастығы Балғабай Қапаров.
Ал 25 жастағы азамат зейнетақы жинақтарын алуға көмек беремін деген желеумен азаматтардың жеке деректерін иемденіп келген. Содан кейін ол екінші деңгейдегі банктерде оларға тауарлық несие рәсімдеп, қолма-қол ақшаны жеке мақсатта пайдаланған. Сонымен қатар, алаяқтың интернет - ресурстарда жүргізуші куәлігін, медициналық анықтамаларды, еңбекке жарамсыздық парақтарын, әскери билеттерді жасау туралы хабарландырулар бергені анықталды. Полицияға оның үстінен 20-дан астам павлодарлық шағымданған.
Тәртіп сақшылары тұрғындардан осындай алаяқтық схемаға тап болса бірден 8-701-141-58-67 немесе 102 нөміріне хабарласуды сұрайды.