Павлодарда Иса Байзаковқа деген құрмет үзілмейді

Ақынға берілген ұлы бағалар қайта жаңғырып, ел есіне салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірімізде «Сарыарқаның дүлділі» атты қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі Иса Байзақовтың 125 жылдығына арналған іс-шара өтті. Оның мұрасы мен өмір жолы – халқымыздың рухани байлығы, ұрпақтан- ұрпаққа жетіп келе жатқан асыл қазына. Бұл жөнінде "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі Бауыржан Жақып айтып өтті.
– Иса – желпініп, үзілмей соққан сар даланың желіндей, кең тынысты, мол ақындықтың иесі. Егер Еуропа Исаның суырып салма өнерін көрсе, оның тосыннан шабыттанып, ағын судай төгілген жырларын ақындық теңізге балайтын еді, дейді ол.
Бауыржан Жақыптың айтуынша, ақынның желдірме жырлары мен кең тынысты поэзиясы – қазақ өнерінің асыл қазынасы. Бұл жайында кезінде Мұхтар Әуезов: «Иса – заманның жүгін көтеріп келе жатқан өнер желмаясы», – деп аса жоғары баға берген. Ал ақынның талантын көзімен көрген Сәбит Мұқанов: «Бұл – бір Алланың пендені таңғалдыру үшін жіберген өкілі еді», – деп жазған. Исаның ақындығын барша әдебиет және өнер қайраткерлері мойындаған. Эпик ақын Нұрхан Ахметбеков: «Исаның ақындығы менен басым, екпіні таудың тасын құлатқандай» десе, ақын Мұзафар Әлімбаев 1931 жылы жарық көрген «Құралай сұлу» кітабының алғы сөзінде: «Қазақ халқының поэзия мен өнердегі таланттылығын бір ғана мысалмен дәлелдеу қажет болса, мен Иса есімін атар едім» делінген.
– Тағы айта кететін аңызға айналған оқиғалардың бірі – 1920 жылдары Қызылордада «Біржан – Сара» айтысына арналған спектакльде болған. Қойылымда Сара рөліндегі актриса сөзінен жаңылып, суырып салма жауап қайтарады. Сонда Біржан рөліндегі әртіс – Иса Байзақов – сахнадан тың жыр төге жөнеліп, көрерменді тәнті еткен. Кейін режиссер «Неге тоқтамадың?» деп сұрағанда, Иса «Әртіс болып отырғанымды ұмытып кетіп, шын айтып жатырмын деп қалдым» деп жауап берген екен, – дейді Бауыржан Жақып.
Міне, ұлт ақынының шабыты мен болмысы осындай. Иса Байзақов – қазақ өнерінің аспанын кеңейткен, аңызға айналған ақын. Павлодар өңірінде оның мұрасын ардақтау бүгінде жалғасып келеді.