Павлодарда кітапсүйер қауымды біріктіретін апталық бастау алды
Кітап апталығы 23 сәуірге дейін жалғасын табады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шаһардағы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Ұлттық кітап» күніне орай кітап апталығы басталды. Шара аясында оқырмандар үшін әдеби кештер, кітап көрмелері, пікірталастар, киноклубтар, буккроссинг және түрлі мәдени-танымдық кездесулер ұйымдастырылуда.
Бұл бастама қоғамда кітап оқу мәдениетін дамытуға, әдебиетке қызығушылықты арттыруға және рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталған.
– Аталған апталық өткен жылы да ұйымдастырылған болатын, биыл да өз жалғасын табуда. Ұлттық кітап күніне орай ұйымдастырылып отырған бұл шара бүгіннен бастау алды. Апталық аясында әр күнге арнайы атау беріліп, сол тақырыптарға сәйкес мазмұнды іс-шаралар өткізіледі, – деді облыстық кітапхананың қоғаммен байланыс секторының басшысы Самалхан Мұратқызы.
Бағдарламада әдеби кештер, оқырман клубтары, шығармашылық кездесулер мен көрмелер қамтылған. Шараға қала тұрғындары, кітапхана оқырмандары, жастар және кітапсүйер қауым қатыса алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінде жастардың белсенділігі жоғары, олар барлық іс-шараларға қызығушылық танытып отыр.

Апталықтың шымылдығын кітап алмасу акциясы бастады. Онда қала тұрғындары мен қонақтары өздері оқыған шығармаларын арнайы сөреге қалдырып, өздері ұсынылған туындылар арасында ұнағанын таңдап, өздеріне алды. Сонымен қатар, жас ақындар Зейтін Ақышевті еске алып, оның еңбектерін талқыға салды.
Айта кетейік, бұл акция Қазақстанның барлық өңірлерінде жүзеге асып жатыр.
Фото: облыстық кітапхананың баспасөз қызметі