Павлодар облысында жас қаламгерлер Зейтін Ақышев мұрасын жаңғыртты
Биыл жазушы, драматург әрі аудармашы Зейтін Ақышевтің туғанына – 115 жыл, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Айтулы датаға орай Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде «Қаламгер тағылымы» атты әдеби-сазды кеш өтті. Шара аясында қаламгер атындағы «Жас қалам» облыстық проза байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің әдебиет бөлімінің басшысы Риза Асқарбектің айтуынша, байқаудың басты мақсаты - ақынның шығармаларын насихаттау, қазақ прозасындағы тарихи - көркем дәстүрлерді жаңғырту.
- Жарысқа 13-18 жас аралығындағы оқушылар мен студенттер қатысты. Онымен қоса, аудан мектептерінен де талапкерлер бақ сынады. Қатысушылар проза, әңгіме және новелла жанрындағы өз туындыларын ұсынды, - деді ол.
Байқауға қатысушылардың бірі - Маралды ауылындағы Жылыбұлақ мектебінің 9-сынып оқушысы Сырымбек Абаев додадағы басты шарт – жазушының шығармашылығымен тереңірек танысу екендігін атап өтті.
- Бұл жарысқа өз қызығушылығымен және мұғалімімнің ұсынуымен қатыстым. Зейтін Ақышевтің «Ақ бел асуы» мен «Жаяу Мұса» шығармаларын негізге ала отырып, поэма жаздым. Туындылар арқылы қазақ халқының басынан өткен қиын кезеңдерді баяндауға тырыстым, - дейді жас қаламгер.
Кеш барысында жеңімпаздар арнайы грамотамен марапатталып, жас қаламгерлердің үздік шығармалары көпшілікке таныстырылды.

Айта кетелік, Зейтiн Ақышев 1911 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданында туған. 1936 жылы Омбы жұмысшы факультетiн бiтiрiп, кейiн 1938 жылы Семей пединститутының физика-математика факультетiн тәмамдаған. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Павлодар облысы оқу бөлiмiнiң меңгерушiсі қызметiнде жүрiп, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ашылуына үлкен көмек көрсеткен. З.Ақышев 1952-1966 жылдары - «Мектеп» баспасында редактор, редакция меңгерушiсi, бас редактор, 1955-1960 жылдары - «Қазақстан мұғалiмi» газетiнде редактор, 1966-1969 жылдар аралығында - ҚазКСР Министрлер кеңесiнiң «Қазақ КСР үкiметiнiң қаулылар жинағы» редакциясында аудармашы-редактор, 1969-1976 жылдары Қазақ кеңес энциклопедиясының бас редакциясында аға ғылыми редактор болып еңбек еткен.
Алғашқы өлеңдері, очерктері, әңгiмелерi 1930 жылы жариялана бастады. Тұңғыш очерктер жинағы «Бiздiң шамшырақтар» 1962 жылы жарық көрдi. «Достарым менiң» атты әңгiмелер жинағы (1967), «Ақбел асуы» (1976), белгiлi ақын, әншi, композиторлар Жаяу Мұса мен Иманжүсiптiң өмiрiн суреттеген «Жаяу Мұса» (1978), «Шынардың шыбығы» (1987) романдарының, сондай-ақ, «Жаяу Мұса», «Келiндер», «Құтылмайды ол» пьесаларының авторы. Жекелеген туындылары орыс тiлiне аударылған. В.Ф.Панованың «Кружилиха» (1950), А.И.Куприннiң «Жекпе-жек» (1954), Я.Коластың «Талаш атай» (1956) т.б. романдарын қазақ тiлiне аударған.