Павлодарда көтергіштердің орнына пандустар орнату ұсынылды

Павлодарда көтергіштердің орнына пандустар орнату ұсынылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында аймақ басшысының  мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс жөніндегі көмекшісі Юлия Петрусева екі мәселені көтерді, деп хабарлайды  @Рavlodarnews.kz.

 Оның бірі  –  «Автомобилист» спорт кешеніндегі пандустың жағдайы, екіншісі  – тұрғын үйлерде көтергіштердің орнына пандустар орнату. 

–  Өкінішке орай, «Автомобилист» кешенінде жасалған жөндеу жұмысына  көңіліміз толмайды. Пандус арқылы дұрыс көтеріле алмаймыз. Мердігер бұл іске дұрыс қарамаған. Қыс мезгілінде бұзушылықтармен жасалған.  Ол жерде тренажер залы ғана емес, спорт клубы да бар. Көптеген мүмкіндігі шектеулі жандар сол жерге барып, спортпен шұғылданады, –  деді Юлия Петрусева.

Сондай-ақ ол тұрғын үйлерге орнатылған көтергіштер жарымжан  жандар үшін қолайсыздық тудырып отырғанын атап өтті.

– Тіпті, сол көтеріштен арбада отырған адамдар құлап кеткен жағдайлар болды.  Бәлкім, жылы өңірлерде мұндай көтергіштер ығайлы болуы мүмкін, бірақ ауа райы құбылмалы біздің өңірде қолайсыз. Бұған қоса, жаңадан салынған үйлерде көлемі бір метр ғана, барлық арба келе бермейді, яғни  кейде көп функцияналды арбалар бұрыла алмайды, –  деді Юлия Петрусева.  

Облыс әкімі Асайын Байханов қала басшысына жеті күннің ішінде мәселені шешуді тапсырды. 

– Бұл – өте орынды ұсыныс және облыс бойынша өзекті мәселе. Біздің климаттық жағдайда пандустар орнатуды қарастырған дұрыс. Көпқабатты тұрғын үйлердің құры¬лысын жобалау кезінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еркін кіріп-шығуы үшін қолайды жағдай  жасау керек. Сондай-ақ ескі үйлердегі жағдайды да қарастыру қажет, – деп атап өтті аймақ басшысы

Қала әкімі Ержан Иманзайыповтың айтуынша, ТҮКШ, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің мамандары бірлесіп,    мүмкіндігі шектеулі жандар тұратын көпқабатты үйлерге сараптама жүргізеді. 

– Мұнда негізгі фактор – тұрғын үйге меншік құқығының болуы. Тұрғындардан подьезд ішінде пандустар орнатуға келісім алу керек.  Алдын ала 130 шақты көпқабатты тұрғын үйе подъезд ішінде және сыртында пандустар орнату қажет.  Ол үшін 200 миллион теңгеден астам керек. Толық сараптамадан кейін бюджеттік өтініш беріп, 2024 жылы мәлелені шешу көзделіп отыр,  – деді Ержан Иманзайыпов.