Павлодарда көзге жасалатын операциялар жаңа деңгейге шықты
Павлодарлық офтальмологтар көз ауруларын емдеуде заманауи технологияларды қолдануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық Г. Сұлтанов атындағы облыстық ауруханасының офтальмологиялық орталығы өңір тұрғындарына тәулік бойы медициналық көмек көрсетіп, көз ауруларын диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістерін қолдануда. Орталықта күрделі микрохирургиялық операциялардан бастап, шұғыл жарақат кезіндегі көмекке дейінгі қызметтердің толық спектрі ұсынылады.
Орталық құрамына тәулік бойы жұмыс істейтін стационар, күндізгі стационар, консультативтік-диагностикалық бөлім, шұғыл операциялық блогы бар қабылдау бөлімі және мамандандырылған офтальмологиялық көмек көрсету кабинеті кіреді.
Орталық меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты дәрігер Қасымхан Тлеубаевтың айтуынша, мұнда облыстың барлық тұрғындарына тәулік бойы, аптасына жеті күн шұғыл офтальмологиялық көмек көрсетіледі.
– Бізге көздің барлық жарақаттары мен жедел аурулары бар науқастар жеткізіледі. Олардың қатарында қарапайым конъюнктивиттен бастап, қылмыстық, өндірістік және техногендік сипаттағы ауыр жарақаттарға дейінгі жағдайлар кездеседі, – дейді маман.
Офтальмологиялық орталықтың тәулік бойғы стационары 37 төсек-орынға, ал күндізгі стационар 20 төсек-орынға есептелген. Күн сайын орталыққа орта есеппен 120-150 пациент жүгінеді. Оларға офтальмолог кеңесі беріліп, қажетті диагностикалық зерттеулер жүргізіледі.
Орталықта көздің ультрадыбыстық зерттеуі, компьютерлік томография, циклоскопия және басқа да заманауи тексеру әдістері қолданылады. Күн сайын тәулік бойғы стационарға шамамен 20 науқас жатқызылса, күндізгі стационарда күніне 10-20 адам ем қабылдайды.
Офтальмологиялық орталықа заманауи микрохирургиялық операциялардың барлық негізгі түрлері жүргізіледі.
– Ең көп жасалатын операциялардың бірі – катарактаны факоэмульсификация әдісімен алып, орнына жасанды көз бұршағын имплантациялау. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – бұлыңғырланған табиғи көз бұршағын алып, оның орнына жасанды бұршақ орнату операциясы. Соңғы жылдары катаракта ауруы «жасарып» келеді. Мен еңбек жолымды 27 жыл бұрын бастаған кезде мұндай операцияларды негізінен 70 жастан асқан адамдарға жасайтынбыз. Қазір 45-50 жастағы, кейде одан да жас пациенттерге операция жасау жиілеп кетті, – дейді Қасымхан Тлеубаев.

Катаракта – көздің табиғи бұршағының бұлыңғырлануы. Қазіргі таңда бұл ауруды дәрі-дәрмекпен немесе басқа консервативті әдістермен емдеу мүмкін емес. Оның негізгі емі – хирургиялық операция.
Заманауи технологиялардың арқасында мұндай операциялар барынша қауіпсіз әрі жылдам орындалады. Операция шамамен 10-15 минутқа созылады. Алдымен бұлыңғырланған көз бұршағы ультрадыбыс көмегімен алынып, орнына жасанды бұршақ салынады.
Орталықта глаукома кезінде көз ішілік қысымды төмендетуге бағытталған операциялар да кеңінен жүргізіледі.
– Сонымен қатар, офтальмохирургиядағы ең күрделі бағыттардың бірі саналатын витреоретиналдық хирургия дамыған. Бұл – көздің шыны тәрізді денесі мен торқабығына жасалатын операциялар. Мұндай хирургиялық араласулар қант диабетінің асқынуларында, торқабық ауруларында және басқа да ауыр патологияларда қажет болады. Бұл операциялар жоғары дәлдікті заманауи жабдықтарды талап етеді. Бүгінде орталық барлық қажетті техникамен қамтамасыз етілген, – дейді дәрігер.
Күрделі операциялардың қатарына ауыр жарақаттардан кейін жасалатын реконструктивтік хирургия да жатады.
Мұндай жағдайлардың әрқайсысы жеке қарастырылады. Жарақат қабаққа, көз ұясына, жас қапшығына немесе көз алмасына әсер етуі мүмкін. Сондықтан мұнда дайын шешім болмайды. Әр операция дәрігерден тәжірибе, жоғары біліктілік және заманауи технологияларды қажет етеді.
Сонымен бірге, амбулаториялық лазерлік хирургия бағыты да дамып келеді. Торқабыққа профилактикалық және емдік мақсаттағы лазерлік операциялар жасалады. Сондай-ақ қайталама катаракта мен глаукоманың кейбір түрлерін емдеуде лазерлік әдістер қолданылады.
Орталық заманауи лазерлік жабдықтардың толық кешенімен қамтамасыз етілген. Сондықтан мұндай операциялардың барлығы мекеменің өзінде, негізінен күндізгі стационар жағдайында жүргізіледі.
Орталыққа Қазақстанның түрлі аймақтарынан пациенттер келеді. Апта сайын Семейден, Шығыс Қазақстан облысынан, Астанадан, Көкшетаудан және басқа өңірлерден тұрғындар ем алуға жүгінеді.
Сонымен қатар, медициналық туризм бағыты да дамып келеді. Ресейдің шекаралас аймақтарының тұрғындары – Алтай өлкесі, Новосібір және Омбы облыстарынан келген пациенттер орталық қызметіне қызығушылық танытуда. Шетел азаматтарына медициналық көмек ақылы бөлім арқылы көрсетіледі.
– Офтальмология – заманауи технологиялардың дамуы ерекше байқалатын медицина салаларының бірі. Бүгінде операциялардың барлығы дерлік үлкейткіш оптика мен жоғары технологиялық жабдықтардың көмегімен жасалады. Лазерлік жүйелер, ультрадыбыстық технологиялар және заманауи микрохирургиялық әдістер кеңінен қолданылады. Қазіргі офтальмохирургия барынша аз инвазивті тәсілдерге бағытталған. Мысалы, катаракта операциялары үлкен тіліксіз, көз алмасына жасалатын екі миллиметрден де кіші микротесіктер арқылы орындалады, – дейді Қасымхан Тлеубаев.
Мұндай технология бүгінде офтальмологияда күнделікті тәжірибеге айналған.
Павлодар облыстық офтальмологиялық орталығы заманауи жабдықтармен жабдықталған, тәжірибелі мамандары бар медициналық мекеме ретінде өңір тұрғындарына сапалы көмек көрсетіп келеді.