Павлодарда конъюнктивитпен ауыратын балғындарға балабақшаға бармауға кеңес беріледі
Ата-аналар бұл дерттің балабақшаларда көбейгенін атап өтуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әлеуметтік желілерде қаладағы жекеменшік мектепке дейінгі мекемелердегі тәрбиеленушілердің жартысынан көбі конъюнктивитпен ауырған немесе ауырып жүргені туралы ақпарат пайда болды.
Ата-аналар конъюнктивиті бар балаларды балабақшаға қабылдап, басқа балаларды жұқтыру қаупін тудыратынына шағымданады.
– Қызымыз әрен жазылды. Балабақшаға қайта барғымыз келгенде достарымыздан және балабақшадағы What'sApp тобынан балалардың барлығы әлі ауыратынын білдік. Бірінен соң бірі ауырып жатыр. Тек кейбір ата-аналар ғана балаларын үйде емдейді, көбі ауырып жүрген балаларын бақшаға апарады, – деп жазды екібастұздықтар.
Қалалық білім беру бөлімінің басшысы Лаура Дисюпова аталған шағым бойынша тексеру тағайындалғанын хабарлады.
– Санитарлық ережелерге сәйкес, ауру белгілері бар балалар білім беру ұйымдарына қабылданбайды. Ауырғаннан кейін адамдар тек медициналық анықтама негізінде топтарға жіберіледі, – деді Лаура Дисюпова.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Зәмзәгүл Досжанованың айтуынша, көздің қабынуы – жұқпалы аурудың белгісі.
Эпидемиологиялық маусым басталғалы облыста ЖРВИ-дің жүз мыңнан астам жағдайы тіркелсе, оның 67 пайыздан астамы 14 жасқа дейінгі балаларда кездескен, оның ішінде үш мыңы – бір жасқа дейінгі балалар.
– Конъюнктивит – суықтың немесе вирустық инфекцияның көрінісі. Жеке симптом ретінде бұл – жұқпалы ауру емес, – деп түсіндірді Зәмзәгүл Досжанова.
Мамандар науқас балаларға адам көп жиналатын жерлерге бармауға кеңес береді.