Павлодарда мектепке 300-ден астам орындық қосымша ғимарат салынады
Нысанды оқу жылы басталғанға дейін толықтай аяқтау жоспарлануда, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Облыс әкімі Асайын Байханов Instagram парақшасында мектептердің жетіспеушілігі өңірімізде әлі де өзекті мәселе екенін атап өтті.
– Биылғы жылы апатты деп танылған үш мектептің орнына жаңа оқу орны салынып жатқан ауылдарда ғана емес, сондай-ақ, облыс орталығында да оқушы орындарының тапшылығы мәселесі өте өткір тұр. Соның салдарынан оқушылар екі ауысымда оқуға мәжбүр, – деп жазды Асайын Байханов.
Аймақ басшысы өткен оқу жылында № 9 мектеп-гимназиясындағы 88 сыныпта 2303 бала білім алатыны, алайда мектептің жобалық қуаты 1420 оқушыға арналғанын атап өтті.
– Сондықтан бастауыш сыныптарға 324 орындық қосымша ғимарат салу туралы шешім қабылданды. Мұнда барлық заманауи талаптар орындалатын болады - кең және жайлы кабинеттер, спорт және мәжіліс залдары, асхана, қосымша сабақтарды ұйымдастыруға арналған кабинеттер және тағы да басқалар, – деді облыс әкімі.
Бүгінгі таңда жаңа төрт қабатты ғимарат тұрғызылды, қазіргі уақытта екінші қабатта әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нысанды оқу жылы басталғанға дейін толықтай аяқтау жоспарлануда.
Посмотреть эту публикацию в Instagram