Павлодарда концерттен кейін жеті автобус бағыты түн ортасына дейін жүреді
Қоғамдық көліктің жұмыс уақыты Ertis Promenade маусымының жабылуына байланысты ұзартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, 9 қазан күні Академик Сәтбаев көшесі арқылы қатынайтын және қаланың ауылдық аймағына қызмет көрсететін жеті автобус бағытының жұмыс уақыты ұзартылады.
Атап айтқанда, №21, 21А, 21К, 38, 41, 44 және 66 автобустары 10 қазанға қараған түні сағат 00:00-ге дейін қатынайды.
Еске сала кетейік, мерекелік концерт 9 қазан күні сағат 19:00-де басталады. Сахнада Мирас Жүгінісов, DARICORN, Рахман Сати, Әмре, Максим, LYRIQ және JAY SEAN өнер көрсетеді.