Павлодарда кісі өліміне әкелген ЖКО-на кінәлі жүргізуші сотталды
Ол оқиға орнынан қашып кеткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өзбекстанның 33 жастағы тұрғыны жұбайына тиесілі Toyota Aristo көлігін тізгіндеген. Ер адам жол ережесін бұзып, жол-көлік оқиғасы орын алған жерден кетіп қалған деп айыпталды.
Апат 2022 жылдың 21 қыркүйегінде кешкі сағат 21-де болған.
Toyota Aristo-да жүргізушімен бірге тағы да жолаушылар болған. Өзбекстандық Қамзин–Малайсары батыр көшелерінің қиылысында бағдаршамның "сары" түсіне қарамай өтіп кеткен. Осы кезде жаяу жүргінші жолдан өтпек болған.
- Қамзин мен Малайсары батыр көшелерінің қиылысында, жаяу жүргіншілер өткеліне жетпей, көлік қозғалысы кезінде машинаның капоты ашылып, ол алдыңғы әйнекті сындырды. Осы кезде бір нәрсеге соғылғанын сездім. Сол кезде айналадағы адамдардың бәрі кісі қағып кетті деп айқайлай бастады. Қорыққанымнан тура жүріп кеттім. <...> аулаға кірген кезде "универсал" типті автокөлікпен соқтығыстым. Барлық адамдар көліктің салонына жүгіре бастады. Содан кейін қорқып, қашып кеттім, – деп түсіндірді жүргізуші сотта.
23 қыркүйекте полиция қызметкерлері жүргізушіні үйдің жанында ұстағанға дейін шетелдік Павлодар көшелерінде екі күн жүрген. Сол кезде өзі себепкер болған жол апатында жаяу жүргіншінің қаза тапқанын естіген. Дәл сол күні ер адам қамауға алынды.
№2 Павлодар сотында жүргізуші екі жыл, алты айға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі ең төменгі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуі тиіс. Бұдан бөлек, ол жәбірленуші тарапқа моральдық зияны үшін 3 млн теңге төлеуге міндеттелді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.