Павлодар облысында мас күйде тәртіп бұзғандар жауапкершілікке тартылды
Олар қалалық уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, қалада суық күндердің басталуымен тұрғын үйлердің кіреберістерінде спирттік ішімдік ішетін азаматтарға қатысты шағымдар саны артқан.
Мәселен, Олжабай батыр көшесіндегі үйлердің бірінің тұрғындары полицияға хабарласып, көршілерінің бірі кіреберісте алкоголь ішіп, пәтер есіктерін қаққылап, тыныштықты бұзғанын айтқан. Осыған ұқсас жағдай Дюсенов көшесінде де тіркелген. Онда бесінші қабатта мас күйдегі ер адамдар отырған. Олар тұрғындардың ескертулеріне құлақ аспай, баспалдақ алаңында темекі шеккен. Таңертең тұрғындар кіреберістен темекі тұқылдары мен бос бөтелкелерді көрген.
Сондай-ақ Горький көшесіндегі үйдің тұрғындары подъезде мас күйдегі үйсіз адамның жүргені туралы полицияға хабарлаған. Оның жағымсыз иісі санитарлық нормалардың бұзылуына себеп болған. Тұрғындар оны өз беттерінше шығара алмағандықтан, полиция көмегіне жүгінуге мәжбүр болған.
Полиция қызметкерлері мас күйде болған азаматтарды қалалық уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізді. Оларға бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Бір жыл ішінде қайталанған жағдайда айыппұл көлемі екі еселенуі немесе сот шешімімен бес тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу қолданылуы мүмкін.
Бүгінгі таңда өңірде қоғамдық орындарда спирттік ішімдік ішкені үшін тоғыз мыңнан астам тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Полиция өкілдері ауа райының суытуына байланысты алкогольдік мас күйдегі азаматтардың үсіп қалу немесе қатып қалу қаупі бар екенін ескертеді. Мұндай жағдайларды байқаған тұрғындарға «102» нөміріне немесе учаскелік инспекторға хабарласу ұсынылады. Ал медициналық көмек қажет болған жағдайда «103» нөмірі бойынша жедел жәрдем шақыру қажет.