Павлодар облысы әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны бойынша көш бастады
Аймақта көптеген бағыттар бойынша іскерлік белсенділік индексінің өсімі байқалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бүгін облыс әкімдігінде әлеуметтік-экономикалық дамудың 2024 жылдың бірінші тоқсанындағы облыс бюджетінің орындалуы, сондай-ақ, өңірлік жұмыспен қамту картасын іске асыру және көктемгі дала жұмыстарына дайындық жұмыстары қорытындыланды.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук қол жеткізілген нәтижелер туралы баяндады. Павлодар облысы үш айдың қорытындысы бойынша барлық макро көрсеткіштер бойынша айтарлықтай өсім көрсетіп, республикада көшбасында тұр.
Көптеген бағыттар бойынша іскерлік белсенділік индексінің өсімі байқалады. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 106,8 пайыз деңгейінде тіркелді. Өнеркәсіп өндірісінің өсімін сипаттайтын нақты көлем индексі 106,1 құрады.
Өңір экономикасына өсім қарқыны – 118,6 пайыз болатын 139 миллиард теңге инвестиция тартылды. Жеті негізгі макро көрсеткіштер аталды. Олар өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, жеке инвестициялар, құрылыс, тұрғын үйді пайдалануға беру, көлік және сауда бойынша облыс ел өңірлері арасында көш бастады.
– Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша біздің өңір жетінші орыннан бірінші орынға көтерілді, – деп атап өтті облыс әкімі Асайын Байханов. – Жылдың басы жақсы басталды. Бірақ, бұл бақылауды төмендетуге себеп емес. Біз осы қарқынды сақтауымыз керек. Барлығымыздан үйлесімді жұмыс талап етіледі.
Облыстар бөлінісінде бюджеттің атқарылу көрсеткіштері бойынша да біздің облыс бірінші орында. Жоспар бойынша 105,18 миллиард теңгені құрайтын облыс бюджетінің 105,15 миллиард теңгесі игеріліп, 100 пайызды құрады.
Аймақта бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша жоспардағы 26,6 мың жұмыс орнынан 7,4 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,7 пайызға артық.