Павлодарда кәсіпорында зардап шеккендер қайда көмекке жүгіне алады?

Бір тәулік ішінде Еңбек инспекциясы комитетінің өңірлік департаментіне хабарлама беруге болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық еңбек басқармасының басшысы Асқар Қапановтың айтуынша, өңірдегі кәсіпорындар мен ұйымдарда 34 жазатайым оқиға орын алған, салдарынан 35 адам зардап шеккен. Оның ішінде 21 адам ауыр жарақаттанып, бір адам көз жұмған.
– Зардап шеккендердің басым бөлігі тау-кен металлургия өнеркәсібінде, құрылыста тіркелген. Жазатайым оқиғалар негізінен Павлодар және Екібастұз қалаларында өндірістің негізгі шоғырланған, адамның белсенді өмір сүретін жерлерінде орын алған. Өндірістегі жазатайым оқиғалардың басым бөлігінде жұмыс өндірісі қанағаттанарлықсыз деңгейде ұйымдастырылған, – дейді ол.
Сол себепті де қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және жұмыскерлердің еңбек міндеттерін орындауы кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру талаптары қатаң сақталуы керек.
– Заң бойынша мемлекеттік органдардан басқа барлық кәсіпорындар өз қызметкерлерін сақтандыру компаниясында сақтандыруы керек, – дейді ол.
Департамент басшысының мәліметінше, егер де жұмыскердің кесірінен жазатайым оқиға орын алса, кәсіпорын тарапынан төленетінсақтандыру сомасының мөлшері азайтылатын. Ал, енді кез келген жағдайда 100 пайыздық төлем орташа жалақыға қарай жүргізіледі.
– Сақтандыру болған жағдайда, жәрдемақы зейнеткерлік жасқа жеткенше төленеді, – дейді Асқар Қапанов.
Зардап шеккен кезде жәрдемақы алу үшін жұмыс берушімен жұмысшы арасында еңбек шарты және еңбек кітапшасы болуы керек. Құжат болмаса, сотқа жүгінуге болады.
Еске салайық, маусым айында Кенжекөлде үй құрылысын жүргізген жұмысшы қаза тапқан болатын. Аталған жағдайға қатысты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті оқиғаға байланысты тергеу жүргізуде.