Павлодарлық отбасы винтаждық жиһаздарға жаңа өмір сыйлайды
Тұрғындар көне интерьер үлгілерімен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
«Естелігі бар жиһаз» көрмесін көне жиһаздарды реставрациялаумен айналысатын Щёлоковтар жанұясы ұйымдастырды. Шеберлер Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде отбасылық шеберханада қалпына келтірілген тұрмыстық бұйымдарды көрермен назарына ұсынды.
Щёлоковтардың шеберханасында антикварлық жиһаздар қайта өңделіп, жаңаша қолданылады.

Надежда Щёлокованың айтуынша, әр интерьер үлгісінің өз тарихы бар. Мәселен, жүз жылдық веналық орындықты да қираудан сақтап қалуға болады.
- Павлодарда антиквариат көп сақталмағанымен, сирек кездесетін құнды дүниелер кейде табылып жатады. Солардың бірі – Баянауылдан әкелінген көне орындық. Бұл классикалық стильдегі, тонет үлгісіндегі жиһаз болатын. Қала тұрғыны оны отынға айналып кетуден сақтап қалған. Мұндай жиһаздар көбіне бук ағашынан жасалып, иілген нәзік пішінімен ерекшеленеді. Олардың көшірмелері кең таралған. Дегенмен, түпнұсқа антиквар бұйымдар сирек кездеседі, – дейді Надежда Щёлокова.
Қазіргі таңда тұрғындар жаңа жиһаздан гөрі сапалы ескі бұйымдарды жаңғыртуға қызығушылық таныта бастаған. Реставратордың айтуынша, дұрыс қалпына келтірілген жиһаз ұзақ жылға қызмет етеді.

Отбасылық істің негізі 1998 жылы қаланған. Бүгінде ата-ананың кәсібі кейінгі буынға жалғасып, шеберлік пен тәжірибе ұрпақтан ұрпаққа беріліп келеді.
Аяужан Жетес