Павлодарда мүлікке қойылған тыйымның шегі сотта қайта белгіленді

Павлодарда мүлікке қойылған тыйымның шегі сотта қайта белгіленді
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты шаруа қожалығының жеке сот орындаушысының әрекетіне қатысты әкімшілік істі қарады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Іс материалдарына сәйкес, азаматтық сот өндірісі бойынша талап қоюды қамтамасыз ету мақсатында 84 миллион теңге көлеміндегі мүлікке тыйым салу туралы ұйғарым шығарылған. Алайда жеке сот орындаушысы талап сомасына сай келетін мүлікті анықтау үшін оның нарықтық құнын бағалатпаған. Соның салдарынан шаруа қожалығына тиесілі 42 жер учаскесіне, бес көлік құралына және банктік шоттарына толық көлемде шектеу қойған.

Бағалау қорытындысына сәйкес, тек бес жер учаскесінің нарықтық құнының өзі 91 миллион теңгені құраған. Бұл талап қоюды қамтамасыз ету туралы сот актісінде көрсетілген сомадан асып кеткен.

– Әкімшілік талап қою толық көлемде қанағаттандырылды. Жеке сот орындаушысының әрекеті заңсыз деп танылды. Сонымен қатар, оған талап қою сомасы шегінде мүліктің бір бөлігіне ғана тыйым салу міндеттелді, – деп хабарлады облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының баспасөз қызметінде.

Істі қарау нәтижесінде сот жеке ұйғарым да шығарды. Сот шешімі мен жеке ұйғарым заңды күшіне енді.