Павлодарда мәжіліс депутаттары студенттермен «Бір толқында» кездесті

Павлодарда мәжіліс депутаттары студенттермен «Бір толқында» кездесті
Фото: Айбек Жұматов

Жиынға 200-ден астам белсенді жас қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстағы «Amanat» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты ұйымдастырған «Бір толқында» диалог алаңы Торайғыров университетінің базасында өтті. Кездесуге ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттары Нұржан Әшімбетов пен Жарқынбек Амантай қатысып, студент жастармен ашық пікір алмасты.

Іс-шара барысында еліміздегі саяси және конституциялық реформалар, парламент жұмысы, жастар саясаты, сондай-ақ, жас буынның қоғамдағы рөлі талқыланды. Диалог алаңына өңірдің белсенді жастары, студенттік ұйым өкілдері мен университет оқытушылары қатысты.

Партияның облыстық филиалының төрағасы әрі облыстық мәслихат депутаты Асылбек Туғанбай жастардың қоғамдық-саяси өмірге араласуы маңызды екенін атап өтті.

Бүгін бізге елордадан арнайы келіп, жастармен пікірлесу үшін Павлодар өңірінен сайланған Мәжіліс депутаттары қатысып отыр. Бұл – жастар үшін үлкен мүмкіндік, – деді ол.

ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Нұржан Әшімбетовтің пікірінше, жобаның негізгі мақсаты жастарды елдегі өзгерістерге тарту.

Бұл бастама жастарды саяси және экономикалық реформаларға тартуға бағытталған. Біз Конституциялық реформалар, заң жобалары және парламентте қаралып жатқан өзекті мәселелер туралы айтып, жастардың пікірін тыңдауға келдік. Сондай-ақ аграрлық саладағы бастамаларға тоқталып, қазіргі уақытта топырақты қорғау туралы заң жобасы әзірленіп жатқанын жеткізді. Құжатта жайылымдардың тозуы, жер құнарлылығының төмендеуі және цифрландыру мәселелері қамтылған, – деді депутат.

ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантай жастармен мұндай кездесулердің маңызы жоғары екенін атап өтті.

Жастардың көкейіндегі мәселелерді тыңдау, олардың жетістіктерін көру және елдегі реформаларды түсіндіру – бүгінгі күннің басты талабы. Бүгінгі жиында ғылым, мәдениет, спорт және қоғамдық салада жетістікке жеткен студенттер бар. Осындай белсенді жастар елдің болашағын қалыптастыратын негізгі күш екеніне сенімдімін, – деді ол.

Торайғыров университетінің ректоры Нұрлан Медетов оқу орны бүгінде 8600 студент білім алатын заманауи университетке айналғанын алға тартты. Оның айтуынша, университетте 200 білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып, ғылыми зерттеулерге ерекше көңіл бөлінеді.

Қазір біз цифрландыру дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Жасанды интеллект тек IT мамандарына ғана емес, биологқа да, агрономға да қажет. Бұл – болашақтың басты құралы, – деді ректор.

Кездесу соңында студенттер депутаттарға өз сауалдарын қойып, жастар саясаты, білім беру, ауыл шаруашылығы және мемлекеттік реформалар төңірегінде пікір алмасты.