Павлодарда мал мен ет өнімдерін заңсыз тасымалдауға бақылау күшейтіледі

Павлодарда мал мен ет өнімдерін заңсыз тасымалдауға бақылау күшейтіледі
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

Облыстың бас полицейлік ведомствосында мал ұрлығына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша жұмыс кеңесі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Кеңеске облыс әкімдігі мен прокуратура өкілдері, сондай-ақ ветеринария басқармасы, облыстық аумақтық инспекция және облыстық ветеринариялық станция қызметкерлері қатысты. 

Кездесудің негізгі мәселелерінің бірі – мал басын сәйкестендіру, қараусыз жайылып жүрген малдың жолын кесу, сондай-ақ тиісті құжаттарсыз мал мен ет өнімдерін тасымалдауды болдырмау болды. 

Жиында Павлодар облысы полиция департаменті криминалдық полициясы бастығының орынбасары Жаслан Танжанов мал ұрлығы фактілерінің тіркелу жағдайы туралы баяндады. 

– Талдау көрсеткендей, ұрлықтардың басым бөлігі еркін жайылымда және күзетілмейтін жайылымдарда, яғни мал қараусыз жайылған жерлерде жасалады, – деп атап өтті спикер. 

Айта кету керек, полиция ветеринариялық қызметпен бірлесіп, мал мен ет өнімдерін тасымалдау бойынша тұрақты түрде тексерулер жүргізеді. Мамандар жайылымдарды және қараусыз жүрген малды, сондай-ақ сауда орындарын, базарларды, сою пункттерін және мал мен ет тасымалдайтын көлік құралдарын тексереді. 

Бұл ретте мал айналымының заңдылығын растайтын құжаттарға және ветеринариялық талаптардың сақталуына ерекше назар аударылмақ.