«Жол картасы»: Павлодар облысында алты базар жаңғыртылады

«Жол картасы»: Павлодар облысында алты базар жаңғыртылады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұл мәселе облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен сауда және қызмет көрсету салалық кеңесінің отырысында талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жиынды ӨКП директоры Ерканат Әбенов жүргізді. 

Облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Дәулен Қабдушевтің айтуынша, республика бойынша жаңғыртуға жататын 100-ге жуық нысанның ішінде Павлодар облысынан алты базар бар. Оның екеуі Павлодар қалбазарасында, төртеуі Екібастұзда орналасқан.

Сонымен қатар, ол бұл жұмыстар 2025 жылдың соңына дейін аяқталатынын атап өтті.

– Жаңғыртудың басты бағыты – сауданы заманауи стационарлық форматқа көшіру, яғни көше мен контейнерлерден сауданы тоқтату, – деді Дәулен Қабдушев.

Кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсетуге бөлінген қаржының уақытша таусылғанымен, қайта бөлу мүмкіндігі бар екені айтылды. Сондай-ақ, 2025 жылы сауда және интеграция министрлігінің бағдарламасы бойынша облыста жалпы көлемі төрт миллиард теңге болатын 40-тан астам жоба қарастырылған.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ерканат Әбенов бұл мәселенің маңыздылығын атап өтіп, оның іске асырылуына жауапты мемлекеттік органдардың жұмысына тоқталды.

Отырыста өңірлік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнәр Ақылбекова да сөз сөйледі. 

– Базар қызметкерлерінің міндетті медициналық тексеруден өту қажеттілігін атап өткім келеді. Барлық азық-түлік сатушылары уақытылы медициналық тексерістен өтіп, жеке электронды медициналық кітапшасы болуы керек, – деді ол кәсіпкерлерге.

Оның айтуынша, ведомство бақылауында 13 азық-түлік нарығы бар: Павлодарда – сегіз, Екібастұзда – екі, Ақсуда екеу және Ертіс ауданында біреу.