Павлодарда малын қараусыз жіберген тұрғындар айыппұл арқалады

Павлодарда малын қараусыз жіберген тұрғындар айыппұл арқалады
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

Іс Атамекен және Жетекші ауылдарында тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Тәртіп сақшылары қараусыз мал көбіне иелерінің жануарларды тиісті деңгейде бақыламауынан орын алатынын айтады. Малын еркін жайылымға жіберген тұрғындар төрт түлік өздігінен үйіне қайтып келеді деп сеніп, қараусыз қалдырады. Бұл жануарлардың өздеріне ғана емес, сондай-ақ республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар автожолдарда жол-көлік оқиғаларының орын алу қаупін арттырады.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және үй жануарларын ұстау қағидаларын сақтау мақсатында жүргізілген профилактикалық рейд барысында жыл басынан бері құқық қорғау органдары 6 деректі анықтап, жолын кесті.

- Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде мал иелері анықталды. Жануарларды ұстау және жайылымға шығару қағидаларын бұзғаны үшін мал иелеріне қатысты әкімшілік материалдар толтырылды, — деді Павлодар қалалық полиция басқармасының қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығының орынбасары Саят Шакаманов.

Оларға мұндай құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік түсіндіріліп, қайталануына жол бермеу шараларын қабылдау қажеттігі ескертілді.