Павлодарда мамандандырылған білім беру ұйымдарына қабылдау жүріп жатыр
Дарынды балаларға арналған мектептерге конкурсқа тіркелу басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бүгінгі таңда біздің өңірде дарынды балаларға арналған 14 мектеп табысты жұмыс істеп жатыр, онда бес мыңнан астам зерек және қабілетті оқушы білім алуда. Бұл білім мекемелері пәндерді терең меңгеруге, интеллектуалды және шығармашылық қабілеттерін дамытуға, болашақта табысты болуға барлық жағдайларды қамтамасыз етеді.
– Егер сіздің балаңыз білімге ұмтылса, ғылымға, шығармашылыққа немесе зерттеу қызметіне қызығушылық танытса – мамандандырылған мектепте оқу оның жаңа жетістіктерге және үлкен жеңістерге жету жолында маңызды қадам бола алады, – деді облыстық білім беру басқармасында.
Конкурсқа қатысуға тіркелу 15 сәуірге дейін «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының сайтында жүргізіледі: qabyldau.daryn.kz