Павлодар облысында кеніште қаза тапқан адамдардың есімдері белгілі болды

Павлодар облысында кеніште қаза тапқан адамдардың есімдері белгілі болды
Фото: облыстық ТЖД ұсынды

Авариялық-құтқару жұмыстары әлі де жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

4 қаңтарда сағат 01:25 шамасында Баянауыл ауданында «Майқайыңзолото» АҚ аумағында, Майқайың кеніші шахтасының маңында төрт жолаушысы бар автобус тазарту кеңістігіне құлап кетті. Автобустың ішінде төрт адам болды: кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері республикалық орталық штабы Павлодар филиалының үш құтқарушысы және бір жүргізуші. Шахтадан 33 жұмысшы эвакуацияланды. ТЖД құтқарушылары құмнан қаза тапқан екі адамның денесін тапты– 24 жастағы Сарқыт Берліқан және 53 жастағы Олег Тышкевич. Тағы екі адамды іздеу жалғасуда.

– Құтқару жұмыстары түнде басталып, қазіргі уақытқа дейін жалғасуда. Жұмыстар қажетті қауіпсіздік шараларын сақтай отырып жүргізіледі, алайда топырақтың үйіліп құлау қаупімен күрделенеді, – деп хабарлады Асайын Байханов өзінің жеке парақшасында.

Оның сөзінше, басқа зардап шеккендер жоқ. Оқиғаның себептерін ҚР ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағалығымен арнайы құрылған комиссия анықтайды.

Облыс әкімі Асайын Байханов басқаратын жедел штабқа аймақ басшысының бірінші орынбасары Серік Батырғожинов,  ТЖ департаменті бастығының міндетін атқарушы Олег Трещев, полиция департаменті бастығының орынбасары, облыстық еңбек басқармасының басшысы, Баянауыл ауданының әкімі және басқа да жауапты тұлғалар кірді.