Павлодарда мас күйде электровелосипед басқарған тұрғын қамауға алынды
Сонымен қатар құқық бұзушының жүргізуші куәлігі де болмаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаметі баспасөз қызметінің мәліметінше, патрульдік полиция қызметкерлері Толстой көшесінде заң бұзған 37 жастағы электровелосипед жүргізушісін ұстады.
– Медициналық куәландыру қорытындысы ер адамның көлікті мас күйінде тізгіндегенін анықтады. Сонымен қатар құқық бұзушының жүргізуші куәлігі де болмаған. Жиналған әкімшілік материалдар сотқа жолданып, сот қаулысымен азамат 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, – делінген хабарламада.
Бұл заң бұзушылық өңірде жол-көлік оқиғаларын азайту және жол ережелерін өрескел бұзудың алдын алу мақсатында өткізіліп жатқан «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында тіркелді. Тәртіп сақшылары жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында рейдтік шараларды күшейтіп жатыр.
Жыл басынан бері аймақ жолдарында азаматтардың өміріне тікелей қауіп төндіретін бірнеше өрескел құқық бұзушылық анықталған.
– Жедел-профилактикалық іс-шарасы басталғалы бері тәртіп сақшылары өңір жолдарындағы ондаған қауіпті жағдайдың алдын алды. Көлік жүргізу кезінде ұялы телефон қолданудың 23 фактісі анықталды, қарсы жолаққа шығудың 4 дерегі және мас күйде көлік басқарудың 7 жағдайы тоқтатылды, – деп түсіндірді әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бақыбай Ахмедьянов.
Облыстық полиция департаменті көлік құралдарының кез келген түрін, соның ішінде баламалы көліктерді мас күйде тізгіндеу жол қозғалысына қатысушылардың өміріне қатер төндіретінін ескертеді. Сондықтан жол қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажет.