Павлодарда мас күйде электрсамокат пен электроцикл басқарғандар ұсталды
Өңірде микромобильді көлік құралдарын пайдаланушылар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше көңіл бөлуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
– Жазғы маусымда тәртіп сақшылары микромобильді көлік құралдарын пайдаланушылар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше көңіл бөлуде. Бұл жастар арасында электрсамокат пен электроциклдің танымалдығының артуымен тікелей байланысты, – делінген хабарламада.
Жуырда Павлодар қаласындағы Лимонная көшесінде полицейлер электроцикл жүргізушісін тоқтатты. Әңгімелесу барысында ер адамнан алкогольдің иісін аңғарған.
Тағы бір жағдайда Жібек жолы көшесінде тәртіп сақшыларының күдігін тудырған «Leopard» маркалы электрсамокат жүргізушісі тоқтатылды. Жүргізушілердің алкогольдік масаңдық деңгейін анықтау мақсатында жүргізілген медициналық куәландыру олардың көлік құралдарын мас күйде басқарғанын көрсетті.
Полиция жол қозғалысы ережелерін сақтау – жай ғана талап емес, барлық жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты шарты екенін еске салады.