Павлодар облыстық басқарма басшысының біріне сөгіс жарияланды
Асайын Байханов барлық шенеуніктерге ескерту жасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қанат Қашкиров қысқы кезеңге автокөлік жолдарын дайындау туралы мәлім етті.
– Биыл қала мен аудан әкімдіктері қыс кезеңінде 2849 шақырым аудандық маңызы бар жолдарды күтіп ұстауға 545 миллион теңге бөлінді. Бұл тиісті нормативтерге сәйкес келмейді. Жолдарды қысқы кезеңге дайындауда ең аз қаражат Май мен Павлодар аудандарынан бөлінді. Олар 20 миллион теңгеге жуық қаражат бөлген,– деп мәлімдеді Қанат Кашкиров.
Қанат Кашкиров, жеті ауданда қар басу қаупі бар аймақтар бойынша жұмыстар тиісті деңгейге сай орындалмай жатқаны туралы хабар етті. Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов нақты қандай аудандарда жұмыстар ақсап тұрғанын сұраған кезде басқарма басшысына толықтай жауап бере алмады.
– Облыста жүздеген, мыңдаған сұрақтар бар. Мен оған назарымды аудару үшін нақты айту керек,– дейді Асайын Байханов.– Бұл - аудандық маңызы бар жолдар. Сол жолдарды неге күтпейді олар. Жылдан - жылға сіздердің есептемелеріңізде бірінен соң бірі кіріп, ары қарай жүре береді ешқандай өзгеріссіз.
Аймақ басшысы Қанат Қашкировтың баяндамасына көңілі толмай, жиналыс барысында оған сөгіс жариялады.
– Алдын ала ескертемін – тұрғындардың шағымдары түсіп, дайындық болмаса онда тәртіптік шаралар қолданамын. Ондай тәртіптік жауапкершілік жеткіліксіз болса, лауазымды тұлғаларды орындарынан босату туралы сұрақ қоямыз,– деп ескертті Асайын Байханов.
Облыс әкімі басқарма басшысына аудандарды бұл мәселе бойынша аралап қайтуды талап етті. Қанат Қашкиров баяндаманы өзгертіп облыс әкімінің алдында қайтадан есеп беретін болады.