Павлодарда мас күйінде адам өлтірген азамат сотталды
Ол жәбірленушіні соққыға жығып, өлтіріп алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
№2 қалалық сот баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін сот залында абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа ауыр зиян келтіру фактісі бойынша Б.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
– 2023 жылғы 25 желтоқсанда сағат 23:30 шамасында Б., мас күйінде, Павлодар қаласы пәтер иелері кооперативінің жертөлесінде бола тұрып, жәбірленуші Л.-мен жанжалдасып, оның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру мақсатында бірнеше рет Л.-ның басына және денесіне қолдарымен және аяқтарымен соққы жасаған, – дейді соттың баспасөз орталығында.
Нәтижесінде, жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келтірілді. Б.-ның жасаған денсаулыққа ауыр зиян келтіру әрекеттері абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан.
Сотталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, құжаттық және заттай дәлелдемелермен, сот-медициналық сараптама қорытындысымен дәлелденді.
– Сот қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін мән-жайларды, қарт жасын, тұрғылықты жері бойынша оң сипаттамасын және қылмысты мас күйінде жасауды ауырлататын мән-жайды ескере отырып, 8 жыл мерзімге қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіздігі мекемесінде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, – делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.