Павлодарда мектеп ұжымдары ұлттардың сабақтастығын сахналады

Павлодарда мектеп ұжымдары ұлттардың сабақтастығын сахналады
Фото: автор

Шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Достық үйінде «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» және «Салауатты сана» жобалары аясында түрлі этномәдени дәстүрлерді насихаттауға арналған фестиваль өтті. Оның негізгі мақсаты –  Қазақстандағы мәдениеттердің әралуандығын және әр халықтың дәстүрінің өзіндік ерекшелігін таныту.

– Осындай игі бастаманың біздің қаламызда өткізіліп жатқанына өте қуаныштымыз. Фестиваль жыл өткен сайын жаңа мазмұнға ие болып, қатысушылар қатары артып келеді, – деді «Жеңгелер клубының» жетекшісі, №41 жалпы орта білім беру мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлмира Жакупова.

Биылғы шарада №41 мектеп ұжымы әзербайжан және қазақ халқының Наурыз мерекесін өткізу ерекшеліктерін көрсетті. 

Сонымен қатар, №40 мектеп ұжымы өзбек халқының салт-дәстүрлерін таныстырды. Олар көрермендерге екі отбасының үйлену тойы желісімен қойылым ұсынып, қазақ және өзбек дәстүрлерінің ұқсастығын көрсетті.

– Жалпы қазақ пен өзбек – бір туған халықтар. Айырмашылығымыз тек тіліміз бен ұлтық киімімізде ғана. Ал салт дәстүрлеріміз ұқсас мәселең төс қағысу сияқты дәстүрлер екі елде де бар, – дейді №40 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Азат Бусурманов.

Қатысушылар тек дәстүрлермен ғана емес, ұлттық тағамдарымен де бөлісті. Фестивальге №15, №41, №32, №43, №40, №2 және №35 мектептердің ұжымдары қатысты. Олар армян, әзербайжан, грек, грузин, румын, өзбек және украин этностарының әні мен биін, салт-дәстүрі мен ұлттық тағамдарын паш етті.