Павлодарда мектеп психологтарына арналған оқыту семинары өтті

Павлодарда мектеп психологтарына арналған оқыту семинары өтті
Фото: pexels.com / Alex Green

Семинарда білім беру саласында медиацияны қолданудың теориялық және практикалық қырлары талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«AMANAT» партиясы жанындағы Әйелдер қанатының жұмысы аясында жалпы білім беретін мектептердің психологтарына арналған «Білім беру кеңістігінде медиацияны қолданудың теориялық және практикалық аспектілері» тақырыбында оқыту семинары ұйымдастырылды. Іс-шараға Әйелдер қанатының төрайымы Света Абдраманова қатысты.

Семинарды Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі өңірлік кеңес төрағасының орынбасары Марина Стрелковская ашты. Ол өз сөзінде мектептегі қақтығыстардың алдын алудың маңыздылығын және балалардың құқықтарын қорғауда психологтардың рөлін атап өтті.

– Бүгінде мектеп – бұл тек білім алатын орын ғана емес, сонымен қатар сенім, өзара құрмет пен қауіпсіздік сезімі қалыптасатын орта. Мектеп психологтарының кәсібилігі балалар мен жасөспірімдердің қатысуымен туындайтын күрделі жағдайлардың қаншалықты тиімді шешілетініне тікелей әсер етеді, – деді ол.

Семинар барысында қатысушылар білім беру ұйымдарында сенімге негізделген атмосфера қалыптастыру жолдарын, сондай-ақ кәмелетке толмағандар қатысатын сот процестерінде психологтың атқаратын қызметін талқылады. Қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеудің тиімді тетігі ретінде медиацияны тәжірибеде қолдану мәселесіне басымдық берілді.

Дәріс оқушылар ретінде облыстық мәслихатының депутаты, PhD докторы Динара Айтжанова, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың психологы Светлана Шиман, сондай-ақ сот жүйесінің ардагері, кәсіби медиатор, «Татуласу орталығы» бітімгершілік орталығының жетекшісі Марина Иванова сөз сөйледі.

Іс-шара тәжірибе алмасуға арналған тиімді алаңға айналып, мектеп психологтарына қақтығысты жағдайлармен жұмыс істеу және кәмелетке толмағандарды қолдау бойынша нақты практикалық құралдар ұсынды.