Павлодарда мектепте бұрыш баллонын шашқан жасөспірімнің ата-анасына айыппұл салынды
Павлодарда 9-сынып оқушысы мектепте бұрыш баллонын шашып жіберіп, үш оқушы зардап шекті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық білім беру бөлімінің мәліметінше, оқиға 3 мамыр күні Павлодар қаласының №18 мектебінде орын алған. Зардап шеккен балалар медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне шығарылды.
– Ата-аналарға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Оқушылармен профилактикалық жұмыстар жүргізілді, жасөспірімдер мектепішілік есепке алынды, – деді білім беру бөлімінде.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, 3 мамыр күні сағат 17:30 шамасында полицияға үш оқушы уланып, ауруханаға жатқызылды деген хабарлама келіп түскен. Полиция қызметкерлері 16 жастағы 9-сынып оқушысы өзімен бірге бұрыш баллонын алып келгенін анықтады.
– Сабақ барысында ол сыныптастарымен бірге бұрыш баллонын сыныпта шашыратпақ болып келіскен. Сағат 11:35 шамасында достарының бірі кабинетте бүріккіш бөтелкені шашқан. Мұғалімдер болған оқиғаның мән-жайын білген соң кабинет желдетіліп, дымқыл ерітіндімен тазартылды, – деді департаментте.
Алайда, екінші ауысымда осы кабинетте 6-сынып оқушылары оқыған. Сабақ барысында осы сыныптың кейбір оқушылары көздің ашуы, беттің қызаруы түріндегі белгілермен өздерін нашар сезінген. Кезекші әкімшілікпен жедел жәрдем шақырылып, сынып жетекшісінің ілесуімен оқушылар ауруханаға жеткізілді.
– Осы факті бойынша полицияда заңды өкілдер мен педагогтардың қатысуымен алдын алу кеңесінің отырысы өткізілді. Отырыс қорытындысы бойынша 16 жастағы оқушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 435-бабымен әкімшілік материал толтырылды. Жасөспірімнің заңды өкіліне 7 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, – деді департаментте.
Сондай-ақ барлық кәмелетке толмағандармен құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеу туралы алдын алу сипатындағы әңгіме жүргізілді.
Фото: ашық дереккөздерден