Екібастұз станциясындағы жұмысшының өліміне қатысты мәліметтер белгілі болды
Арнайы тергеу комиссиясы жұмыс берушінің 100 пайыз кінәлі екенін анықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Төртінші сәуір күні ГРЭС-1 станциясында 21 жастағы жас жігіт өлімге әкелетін дене жарақаттарын алды.
Еңбек басқармасының хабарлауынша, ол екі вагонның арасында қысылып қалған. Жәбірленуші ауруханаға бара жатқан жолда қайтыс болды.
Павлодар облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекторы Ербол Сайфуровтың айтуынша, апаттың негізгі себебі - өндіріс жұмысының нашар ұйымдастырылуы.
- Марқұмға тиісті дайындықсыз өз бетінше жұмыс істеуге рұқсат берілген, - деп түсіндірді спикер. – Бұл оқиғаға 100 пайыз жұмыс беруші кінәлі.
Арнайы тексеру барысында комиссия тоғыз жауапты тұлғаны анықтады. Іс материалдары Екібастұз полиция басқармасына жіберілді.