Павлодарда мемлекеттік қызметке іріктеу толық цифрлық форматқа өтті

Павлодарда мемлекеттік қызметке іріктеу толық цифрлық форматқа өтті
Фото: Константин Шелков

Іріктеудің жаңа тәртібі ағымдағы жылдың бірінші сәуірінен бастап күшіне енді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Енді мемлекеттік қызметке үміткерлер eQyzmet ақпараттық жүйесі арқылы байқауға қатысады. Кандидаттар платформада өздігінен тіркеліп, бос лауазымдарды қарап, онлайн өтінім береді. Мемлекеттік органдарға байқау жеңімпазы анықталғанға дейін қатысушылар туралы мәліметтер көрінбейді. Бұл тәсіл іріктеу процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.

ҚР мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Мадияр Әбілдиннің айтуынша, жаңа формат конкурстық рәсімдерді едәуір жеделдетті.

– Бұрын конкурс өткізуге шамамен бір ай уақыт кететін. Қазір барлық рәсімдер 5-7 жұмыс күні ішінде аяқталды. Өңірде цифрлық іріктеу енгізілгеннен кейін мемлекеттік қызметке қабылдау толықтай жаңа жүйе бойынша өтіп жатыр, – деді Мадияр Әбілдин.

Цифрлық жүйе қолданысқа енгелі мемлекеттік қызметке қызғушылық та артқан. Бүгінгі күні бір бос орынға жеті кандидаттан үміткер келеді. 2024 жылдың бірінші ақпанынан бастап облыстың жергілікті атқарушы органдары пилоттық жоба аясында біртіндеп цифрлық іріктеуге көшкен еді. Осы уақыт ішінде байқауға 400-ден астам адам қатысты. Олардың жүзден астамы мемлекеттік қызметке тұрды.

Айта кетейік, жұмыс істеп жатқан мемлекеттік қызметшілер де, заңнаманың біліктілік талаптарына сәйкес келетін қазақстандықтар да үміткер бола алады. Олар кандидант болып отырған лауазымына байланысты үш бағдарлама бойынша тұлғалық қасиеттерін бағалаудан өтеді.

Басшылық құрамға кірмейтін лауазымдарға үміткерлер практикалық тапсырмалар орындайды. Ал  жоғары лауазымдарға ұмтылған азаматтар эссе жазып, бейнебайланыс арқылы сұхбаттасудан өтеді. 

Қазір аймақта түрлі деңгейдегі 3,5 мыңнан астам мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Олардың орташа жасы – 42. Жергілікті атқарушы органдарда шамамен 290 бос орын бар.