Павлодарда мемлекеттік сатып алудағы тәуекелдерді азайту мәселелері талқыланды

Павлодарда мемлекеттік сатып алудағы тәуекелдерді азайту мәселелері талқыланды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде шілде айынан бері 2,1 миллиард теңгенің орындалған жұмыс актілері камералдық бақылаудан өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша міндеттемелердің тиісті деңгейде орындалмау тәуекелдерін камералдық бақылау мәселелеріне арналған семинар өтті. Жиынға мемлекеттік орган өкілдері, құрылыс қауымдастықтары мен кәсіпкерлер қатысты.

Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің өкілі Айнұр Капенованың айтуынша, жыл сайын тапсырыс берушілердің орындалмаған жұмыстар мен жеткізілмеген тауарларға ақы төлеуіне байланысты қаржылық бұзушылықтар көбейіп барады.

– 2024 жылы 26 миллиард теңгенің бұзушылығы анықталса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 59,5 миллиард теңгені құрады. Ал 2026 жылдың өткен кезеңінде 95,2 миллиард теңгеге жетті. Сондықтан Қаржы министрлігі бұзушылықтардың алдын алудың жаңа тетігін әзірледі. Камералдық бақылаудың мақсаты – бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жол бермеу, – деді ол.

Шілде айынан бастап департамент мамандары жалпы сомасы 2,1 миллиард теңге болатын 51 жұмыс актісін тексеріп, нәтижесінде 22 хабарлама жолдаған.

Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Айдос Шайхисламның сөзінше, шарттық міндеттемелерді тиісінше орындау мемлекеттік тапсырыс берушіге де, мердігерге де бірдей жүктеледі.

Оның айтуынша, бұл оқытудың басты мақсаты – бизнесті шарттық міндеттемелерді орындау кезінде туындауы мүмкін тәуекелдерден қорғау. Кәсіпкерлердің іскерлік беделіне нұқсан келмей, жобалардың сапалы іске асуы маңызды.