Павлодарда мыңдаған тұрғын жаңа жылды бас шыршаның қасында қарсы алды

Павлодарда мыңдаған тұрғын жаңа жылды бас шыршаның қасында қарсы алды
Фото: Валерий Бугаев

2025 жылдың жаңа жылдық түні қаланың көптеген тұрғындары мен қонақтары үшін ерекше болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, мыңдаған павлодарлық жаңа жылды облыс орталығының жарқыраған бас шыршасының қасында қарсы алды. 

Қала тұрғындары мен қонақтары алаңда орнатылған LED-экраннан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа жылдық құттықтауын тыңдап, бір-бірін жаңа жылмен құттықтады. Одан кейін жиналғандар жаңа жылдық отшашуды тамашалады. 

Жаңа 2025 жылды қаланың орталық алаңына жиналған жандармен бірге облыс әкімі Асайын Байханов та қарсы алды.

Жаңа жыл түні мен үшін өте ерекше қуанышты болды. Кеше түн ортасында орталық алаңға осыншама қала тұрғындары мен қонақтары жаңа 2025 жылды бірге қарсы алады деп күткен жоқпын. Баршаңызға шын жүректен амандық пен тұрақтылық тілеймін! Біздің ортақ үйіміз Қазақстан өркендей берсін! – деді Асайын Байханов.

Мерекеге қатысушылар үшін музыкалық бағдарлама, викториналар мен би ұйымдастырылды. Қонақтарға ыстық палау, дәмді бауырсақ пен шай ұсынылды.