Павлодарда радиомодульді су есептегішті кімдер орнатуы керектігі түсіндірілді

Павлодарда радиомодульді су есептегішті кімдер орнатуы керектігі түсіндірілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жарамды әрі тексеруден өткен есептегіштерді бірден ауыстыру талап етілмейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Павлодар-Водоканал» ЖШС мәліметінше, кәсіпорын су есептегіштерін қашықтан деректер беру мүмкіндігімен орнату тәртібін нақтылау үшін Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне ресми сауал жолдаған.

Бұған бұған дейін жарияланған бұйрықта радиомодульді су есептегіштерді қандай жағдайда орнату керектігі туралы нақты түсіндірменің болмауы себеп болған.

– Министрліктің ресми жауабына сәйкес, радиомодульді есептегіш су есепке алу аспабы жарамсыз болып, оны ауыстыру қажет болғанда, есептегішті алғаш рет орнатқанда, меншік иесі ауысып, шарт қайта рәсімделгенде және жаңа үйлер салынғанда орнатылады, – деп хабарлады кәсіпорында.

Бұл талаптар Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2025 жылғы 8 тамыздағы №295 бұйрығымен бекітілген суды есепке алу аспаптары мен жүйелерін таңдау, монтаждау және пайдалану қағидаларында қарастырылған.

Ал қазір пайдаланылып жүрген есептегіш жарамды болса, оны міндетті түрде радиомодульді құрылғыға ауыстырудың қажеті жоқ. Салыстырып тексеруден өткен және белгіленген талаптарға сәйкес келетін аспаптар коммерциялық есепке қабылданып, бұрынғы тәртіппен пломбаланады.