Ұлы ағартушының есімі берілген ақсулық мектеп демеушілер тарапынан жөнделді

Барлық жұмыстарға 1,4 миллиард теңге жұмсалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биыл Ақсу қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебі толықтай жаңғыртудан өтті. Бұл жұмыстар Павлодар облысы әкімдігі мен «ERG» компаниясы арасындағы меморандум аясында жүзеге асырылды. Жобаның жалпы құны 1,4 миллиард теңгеден асады.
1974 жылы салынған білім ордасы бүгінде 1 219 оқушы мен елу мектепалды даярлық тобын қабылдайды. Жалпы аумағы 6 886 шаршы метрді құрайтын мектеп 1320 орынға есептелген.
Мектеп ғимаратының күрделі жөндеуі үш жоба аясында жүргізілді. 602 миллион теңгеден астам қаражатқа ішкі қабырғалар, еден, төбе, терезе және есіктер толық ауыстырылды. Электр желілері жаңартылып, өрт қауіпсіздігі жүйесі орнатылды.
Мектеп ауласының жөндеуі жоба аясында 358 миллион теңгеге үш спорт алаңы, жүгіру жолы, балалар мен тренажер алаңдары салынды. Жаңа асфальт, кеспетас төселіп, жарықтандыру жүйесі орнатылды. Инженерлік жүйелерді жаңарту үшін 471 миллион теңге жұмсалды: жылу, су, кәріз жүйелері мен радиаторлар толық жаңартылып, желдету жүйелері орнатылды.
Мектеп директоры Индира Егістің сөзінше, ғимарат 1974 жылы салынғанымен, ауқымды күрделі жөндеу көрмеді.
– 2025 жыл – біздің мектеп үшін ең керемет жыл деп айтуға болады, себебі мектебіміз үш жоба бойынша күрделі жөндеуден өтті. Мектептің жалпы жағдайы қиын, ал су, жылу жүйелерінің барлығы қауіпті болды деп айта аламын. Қыста жылу жүйесінде ақаулар анықталатын. Барлық радиоторлар ескі болғандықтан бірінші қабаттың бір-екі кабинетінде суық еді. Электр жүйелері де өте ескі, – деді Индира Егіс.
ERG компаниясының демеушілігімен мектепке 139 миллион теңгеге жабдықтар алынып, химия, физика және биология кабинеттері 100 пайызға жаңартылды. Сондай-ақ, STEM зертханасы ашылып, басқа пән кабинеттері де біртіндеп жабдықталуда. Барлық оқу кабинеттеріне бейнебақылаулар орнатылып, жарық мәселесі де шешілді.
Фото: Амира Жартекей
Посмотреть эту публикацию в Instagram