Асайын Байханов жылыту маусымы туралы: Қатаң сұраныс болады
Облыс әкімдігінде күзгі-қысқы кезеңдегі ТҮКШ нысандарының жұмысы қорытындыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысы Ержан Иманзайыповтың айтуынша, облыстың энергия көздерінде негізгі жабдықтың 226 рет ажыратылуы тіркелген. Бұл – өткен қысқы кезеңмен салыстырғанда екі есеге аз.
– Жылу беру маусымы штаттық режимде өтті. Алайда, тозу деңгейінің жоғары болуына байланысты электр қуатының өшуі екі еседен астам көбейді. Биыл сегіз энергия блогын, 14 қазандықты, жеті турбинаны және екі түтін құбырын жөндеу жоспарланған, – деді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, электрмен жабдықтау желілерінде 2195 км электр желілері, 791 бірлік жабдық және 33,5 км жылумен жабдықтау желілері жөнделеді деп күтілуде.
Облыста жылу желілерінің тозуы мемлекет бойынша ең жоғарғы деңгейде. Мысалы, Екібастұз қаласында 90 пайызға жақындады, Ақсу қаласында көрсеткіш – 80, ал Павлодарда 86 пайызды құрайды.
– Әр әкімдікте бюджетте қарастырылған қаражат бар, – деді облыс әкімі Асайын Байханов. – Ауқымды жөндеу жұмыстарын әрі қарай қарқынды жалғастырып, жұмыстарды толықтай бақылауда ұстау керек. Бұл – тек қана құзырлы басқарманың міндеті емес. Бірінші кезекте әр қала, әр аудан әкімінің жауапкершілігі. Сондықтан осы жауапкершілікке қатаң сұраныс болады.
Сонымен қатар, сумен жабдықтау және су бұру желілерінде 40 км желіні күрделі жөндеу және реконструкциялау жоспарланған.
Жылу беру маусымы басталғанға дейін 2472 көппәтерлі тұрғын үй және 1160 әлеуметтік нысан дайындалады. Ағымдағы жылдың 1 маусымына дейін ТҮКШ және әлеуметтік сала нысандарын 2024-2025 жаңа жылу беру маусымына дайындау жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітіледі.
Облыс әкімі 1 қыркүйекке дейін қазандықтарға, жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілеріне күрделі жөндеу жүргізуді, әлеуметтік сала нысандары үшін көмірдің қажетті мөлшерін сатып алуды және жеткізуді, сондай-ақ, бекітілген кестелерге сәйкес барлық нысандардың дайындығын қамтамасыз етуді тапсырды.